Бас-аяғы 11 жыл тұрды: «Астана Операның» жанындағы жаяу адам өтетін ескі көпір неше теңгеге салынған

Автор: Бақыт Шынар

Әкімдік редакцияның ресми сауалына жауап берді

Фото: 2GIS

Жуырда Астана қаласының әкімдігі Қонаев көшесінің бойында жаяу адам жүретін өткел салынатын болған соң, жол сегіз айға жабылатынын хабарлаған еді. Дәлірек айтсақ, әкімдік «Астана Опера» театрының алдына жаяу адам өтетін жаңа көпір салмақ. Ал, ескі көпір былтыр бұзылған болатын. Azattyq Rýhy редакциясы әкімдікке ресми сауал жолдап, жаңа көпірдің құрылысы неге 8 айға созылатынын және алдыңғы көпір неше теңгеге салынып, неше жыл халыққа қызмет еткенін анықтады.

Анықталғандай, ескі көпір 2013 жылы салынып біткен. Айтып өткеніміздей, ескі көпір былтыр көктемде бұзылған. Яғни, жаяу адам өтетін көпір 11 жыл қызмет еткен. Оны салуға шамамен 1,5 млрд теңге бөлінген екен.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жанындағы Д.Қонаев көшесі арқылы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін (жаяу жүргіншілер көпірі) салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған шарттың құны – 1485,7 млн тг. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жанындағы Д.Қонаев көшесі арқылы өтетін жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің (жаяу жүргіншілер көпірінің) құрылысына «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» тапсырыс берген», - деп жауап берді әкімдіктің Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

Көпірді кезінде осы қаражатқа  «СП КазГерСтрой» ЖШС салған екен. Ал енді, жаңа көпірді «Қазақдорстрой» ЖШС салатын болыпты. Бірақ, әкімдік жаңа көпір салу үшін жолды жапқанымен, оның құнын әлі белгілемеген.

«Д. Қонаев көшесі арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелін қайта жаңарту құны жобалау аяқталғаннан кейін бекиді. Жаяу жүргіншілер өткелін реконструкциялау ұзақтығы нормативтік талаптардан аспайды», - деп жазған басқарма.