Ахметжан Есімов Президентке есеп берді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Президентке компаниялар тобындағы қазіргі ахуал туралы баяндалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Есімовтің айтуынша, дағдарыс пен карантин кезеңі басталғалы бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына қарасты өндіруші кәсіпорындарда жұмыс орындарын қысқартуға, еңбекақыны кешіктіруге жол берілмеген.
«Қор мен компаниялар тобының қаржылық орнықтылығын күшейту жөніндегі бұған дейін жүргізілген шаралар өткен жылдарда жиналған сыртқы қарызды 8 млрд долларға азайтуға мүмкіндік берді. Бұл 1 триллион теңге көлемінде қаржы шығынының алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар көлемі 1 млрд доллар болатын күрделі әрі операциялық шығындар оңтайландырылды», - делінген хабарламада.
Қор Қасым-Жомарт Тоқаевтың сатып алу жүйелері арқылы ел экономикасына қолдау көрсету жөніндегі тапсырмаларын орындайды. Биыл жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы 250 мыңға жуық адам жұмыс істейтін отандық кәсіпорындарға 9 мың тапсырыс берген. Бұдан бөлек қазақстандық кәсіпорындарды қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.