Қазақстан Америкаға мұнай өндіру үшін баратын заман туады – депутат ТШО басшысына
Қазақстан Америкаға жоғары технологиялар әкелсе, біз құшақ жая қарсы аламыз дейді Кевин Лайон

Парламент Мәжілісінің депутаттары елімізде мұнай өндіретін ірі «Теңізшевройл» компаниясының басшылығынан Қазақстан мен осы компания арасында бекітілген келісімшарт қаншалықты әділ екенін сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс комитетінің отырысында депутаттар «Теңізшевройл» ЖШС мұнайдан Қазақстан қазынасына аз салық төлейтінін меңзеді.
«Егер дәл осындай келісімшартты Америкамен Қазақстанда жасайтын болса. Сол кезде сіздің Америка азаматы ретінде көзқарасыңыз қандай болады? Теңізқазақойл сияқты қазақ компаниясы Хьюстонда, Техаста осындай үлкен кен орнына барып, осындай шарттармен жұмыс істесе, сіз Америка азаматы ретінде осыған көзқарасыңыз қандай болады? Әділ бола ма?», - деп сұрады Еділ Жаңбыршин «Теңізшевройл» ЖШС бас директорынан.
«Иә, менің ойымша, Америка азаматы ретінде, егер Қазақстан Америка нарығына жоғары біліктілік, жоғары технологиялар әкелсе, біз қазақстандық компанияны дәл осылай қарсы аламыз. Америкада жұмыс істейтін компаниялар бар. Біздің келісімшарт пен ондағы шарттар инвесторлар үшін де, Қазақстан халқы үшін де әділ деп ойлаймын», - деп жауап берді Кевин Лайон.
«Сондай заман туады, біздер Америкаға барамыз», - деді Жаңбыршин.