Елде көмір саласын дамыту жөніндегі жол картасы әзірленген
Қазақстандағы көмір қоры 34 млрд тоннаны немесе әлемдік қордың 4% шамасында, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылмдық даму министрлігі.
«Еліміз көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы он елдің қатарында. Көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында 2019 жылы «Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» әзірленіп, бекітілді. Жол картасында саланы дамытудың жүйелі шаралары, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру қарастырылған. Мысалы, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-да арнайы кокс өндіру бойынша зауыт салу, «Богатырь», «Богатырь Көмір» ЖШС көмірді ұсақтау, тасымалдау, орташалау және тиеудің циклдық-ағымдық технологиясына көшу сынды бастамалар қарастырылған», - делінген хабарламада.
Халықаралық сарапшылар энергетикалық нарықты дамыту бағытындағы жұмыстарында жаһандық энергия теңгеріміндегі көмір үлесінің төмендеуіне қарамастан, әлемдік нарықта отынның осы түріне деген сұраныс әлі ұзақ уақыт тұрақты болады деп болжайды. Бұл бағытта жол картасы шеңберінде Қазақстанның энергия өндіруші кәсіпорындарының 2030 жылға дейінгі көмірді тұтыну болжамы және Қазақстанның коммуналдық-тұрмыстық секторының 2025 жылға дейінгі көмірді тұтыну болжамы жүргізіледі.
«Бүгінде көмір өнеркәсібінде жоғары қосылған құны бар өнімдер алу үшін көмірді терең кешенді қайта өңдеуді кезең-кезеңімен ынталандыру саясатын жүргізу жоспарланып отыр. Әлемдік қауымдастық көмір химиясын дамыту, көмірді кешенді терең өңдеу, оның ішінде газдандыру арқылы өңдеу қажеттілігі туралы айтады. Заманауи технологиялар көмірден өңделген 5 мыңнан астам өнім түрін өндіруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында ферроқорытпалар, металл кремний, құрылыс материалдары, техникалық көміртегі, көміртегі сорбенттері және т.б. бар», - деп хабарлайды министрлік.
Көмір өнеркәсібі экономиканың ірі салаларының бірі және электр энергиясының шамамен 70% өндірісін, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді.