Қазақстан 200$ сатқан өнімін шетелден 1000$ қайтып сатып алады – сарапшы
Сарапшы елдегі ауыл шаруашылығын құлдыратып жатқан факторларды атады
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының агро-өнеркәсіптік кешен жөніндегі кеңесшісі Ербол Есенеев Қазақстанның бұл саладағы дамуы Ресей мен Өзбекстаннан әлдеқайда артта екенін айтады.
«Қазіргі агро-өнеркәсіптік кешен шын мәніне тиісті деңгейінде дамып отырған жоқ. Сандарды сөйлетіп көрейік. Соңғы 10 жылдағы агро-өнеркәсіптік кешеннің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5% аспайды. Қолымызда бар өте маңызды стратегиялық мүмкіндіктерді ескерсек, бұл аз. 2019 жылы бұл көрсеткіш тіпті 4,4% болды», - дейді Ербол Есенеев.
Қазақстан агро-өнеркәсіптік дамыту үшін үш бағдарлама жасап, оларға қыруар қаражат бөлінді. Есенеев «ақша құйылып жатса да, саланың дамуында нәтиже жоқ» дейді.
«Еңбек өнімділігі өте төмен. Көршілерімізден әлдеқайда артта қалып отырмыз. Бізде гектарына шаққандағы еңбек өнімділігі 400$ шамасында. Мысалы, Ресейде бұл көрсеткіш 1000$ шамасында, Өзбекстанда 1500$», - деді сарапшы.
Ал азық-түлік қауіпсіздігіне тоқталған ол бұл салада Қазақстан жасап отырған сауда-саттық елдің экономикасы үшін мүлде тиімсіз екенін дәлелдеді.
«Біздің азық-түлік қауіпсіздігімізге қатысты өте маңызды мәселелер бар. Өкінішке қарай, жыл сайын 3,6 млрд долларға азық-түлігін енгіземіз. Сол азық-түлік түрлеріне қарасақ, шамамен 1,5-2 млрд доллардың өнімін өзіміз шығара алатын едік. Экспортты соңғы он жылда 1.5 млрд доллардан 3 млрд долларға дейін көбейттік, әрине. Бірақ біз шетелге не шығарып жатырмыз? Таза шикізат қана. Егер біз шығарып жатқан экспорт пен қайтып келетін импортты салыстырсақ, біз 200 долларға шикізат шығарып, 1000 долларға дайын азық түлік кіргіземіз екен. Бұл өте тиімсіз. Бұндай жүйені мүлде өзгерту керек», - дейді сарапшы.
Қазақстан шикізатты азайтып қана қоймай, бүкіл көршілес елдер үшін «дайын азық-түлік өнімдерінің фабрикасына» айнала аламыз, деген ол 1,5 млрд халқы бар Қытай мен 200 млн адам нарығы бар Еуразиялық экономикалық одақ елдерін мысалға алды. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін, Ербол Есенеев айтқандай, біріншіден, шаруалардың жерге, ресурсқа, мемлекет бөліп жатқан ақшаға жол ашу керек.
«Елдегі жер бөлу мәселесі мүлде қиын жағдайда. Жер бөлуде әлі күнге дейін субьективті факторлар әсер етеді. Әлі күнге дейін бос жерлерді сондағы аудан әкімдері бөліп отыр. Әрине, конкурс бар. Бірақ, әлі күнге дейін Қазақстанда жер бөлу, қандай да бір аудандағы бос жерлердің сызбасы туралы ақпарат ашық емес», - дейді Есенеев.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан