Келімбетов Тоқаевқа бұрын-соңды болмаған қаржы құралдары енгізілгенін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовты қабылдады

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының елдегі қаржы нарығын дамыту, инвесторлар мен қаржы қызметтері тұтынушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғау және АХҚО алаңында сауда-инвестициялық ынтымақтастық бойынша атқарылатын жұмыс жоспары туралы баяндалды. Бұл туралы Ақорда сайтында хабарланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыстан кейін экономиканы қайта қалпына келтіру кезінде АХҚО-ның алдына қойылған міндеттерді тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан Президенті инвестиция тарту және мемлекеттік активті жекешелендіру барысында, қор нарығын дамытуда АХҚО әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырды. Ал шаруашылық дауларды шешуде АХҚО соты мен төрелік орталығына бизнестің қолжетімділігін қамтамасыз ету тиіс», - делінген.

Сонымен қатар Президент АХҚО инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын ілгерілету үшін Сыртқы істер министрлігі мен мемлекетіміздің шетелдік өкілдіктерімен бірлескен жұмыстарды жандандырудың қажеттілігін атап өтті.

Кездесу барысында Қайрат Келімбетов Орталықтың экожүйесі толық қалыптасқанын, карантин шаралары кезінде оның тұрақты жұмыс істегенін баяндады.

Сондай-ақ Қайрат Келімбетов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда алғаш рет АХҚО алаңында бұрын-соңды болмаған қаржы құралдары енгізілгені, атап айтқанда, юаньмен көрсетілген облигациялар шығарылып, облигацияның исламдық баламасы – сукуктың кросс-листингі өткізілгені туралы айтты.