Басты себеп - коронавирус пандемиясы
Аустриялық Borealis компаниясы Атырау облысындағы полиэтилен өндірісі кешенін дамытуға қатысты жобаға қатысу туралы шешімінен бас тартты. Басты себеп – коронавирус пандемиясынан кейінгі нарықтағы белгісіздік. Бұл туралы компанияның ресми сайтында жарияланды.
2018 жылдың 24 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) ресми сапары аясында екі маңызды құжатқа қол қойылды.
Соның бірі – ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ («Біріккен химия компаниясы» ЖШС), Borealis аустриялық компаниясы Атырау облысындағы полиэтилен өндіру жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі талаптары туралы келісімге (TermSheet) қол қойды.
Қол қойылған келісім (TermSheet) мемлекеттік қолдаудың шаралар пакетін бекітіп, жобалау сатысына көшуді негіздейді (техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу).
«Аталған жоба Қазақстан аумағында жылына 1250 мың тоннаға дейін полиэтилен өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл ішкі сұранысты толықтай жауып, тұрақты экспорттық түсімді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жоба аясында құрылыс кезеңінде 4000-ға жуық жұмыс орнын, пайдалану кезеңінде 560 тұрақты жұмыс орнын және мультипликативтік әсер есебінен байланысты салалар үшін 3000-ға дейін жұмыс орнын құру жоспарлануда. Нәтижесінде ЖТС, әлеуметтік салық, әлеуметтік және зейнетақы аударымдары түрінде бюджетке жыл сайынғы аударымдар түседі. Жобаны іске асыру нәтижесінде озық шетелдік технологияларға трансферт жүргізіледі, ал өндірілетін өнім полимерлік өнімнің 50-ден астам түріне алдағы қайта өңдеуге (жергілікті полимерлік технологиялық өнімді дамытуға жәрдемдесу) шикізат ретінде болады», - деп жоспарланған еді.
Екінші құжат – Атырау облысындағы полипропилен өндіру жобасы бойынша ынтымақтастыққа қатысты Өзара түсіністік туралы меморандумға да ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ («Біріккен химия компаниясы» ЖШС) және Borealis компаниясы арасында қол қойылды.
Меморандумға сәйкес, Borealis полипропилен жобасына техникалық-экономикалық талдау және заң сараптамасын жүргізуі тиіс болды. Бұл жобаның құны 2,6 млрд АҚШ долларын, зауыттың қуаты жылына 500 000 тонна полипропиленді құрайды. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2021 жылға жоспарланған еді.
Айта кеткен жөн, Borealis әлемдегі Үздік-4 полиэтилен ірі өндіруші-компаниялардың құрамына кіреді. Ең жоғары технологиялы және жоғары маржиналдық компания болып табылады. Borealis компаниясының акционерлері: Mubadala (БАӘ) – 64% және OMV (Аустрия) - 36%.