$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан үш банктен қарыз алады: Мәжіліс келісімдерді ратификациялады

Берешек көлік, өнеркәсіп, білім салаларын қаржыландыруға жұмсалады

Қазақстан үш банктен қарыз алады: Мәжіліс келісімдерді ратификациялады
Фото: freepik

Парламент Мәжілісі Азия даму банкінен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен және Халықаралық Қайта құру және даму банкінен жалпы сомасы 190 млрд жапон йенасы мөлшерінде қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, жапон йенасы валютасын таңдаудың негізі себебі –  ол Жапониядағы тарихи төмен базалық пайыздық мөлшерлемеге және қазақстандық теңге мен жапон йенасы арасындағы тығыз корреляцияға байланысты болып отыр.

Қазақстан Азия даму банкінен 52,3 млрд жапон йенасы көлемінде (350 млн АҚШ доллары) қарыз алады.

«Бұл қаражат, Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Осы банктің қарызы Қазақстанға 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 15 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі TONA+спредті (0,5%) құрайды. Резервке қойғаны үшін комиссия – жылдық 0,15% құрайды», - дейді Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Қазақстан Азия даму банкіне 1994 жылы қосылған. Еліміздің үлесі 0,805%-ды құрайды. Жалпы тартылған инвестиция шамамен 7 млрд долларына жеткен.

Министр Азия даму банкі Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін және еліміздің экономикасына зор үлес қосып жатқанын атап өтті.

Ал Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Қазақстанға 52,7 млрд жапон йенасы көлемінде (350 млн АҚШ доллары) борыш береді. Бұл ақша да Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға жұмсалады. Бұл банктің қарызы Қазақстан Республикасына 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 15 жыл өтеу мерзіміне беріледі.

Қазақстан Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне 2017 жылы қосылған, еліміздің үлесі 0,754%-ды құрайды. Банк тарапынан 700 млн доллар инвестиция тартылған.

«Қазақстанға тиісті қаражат көлемінде қарыз берілуі еліміз халықаралық деңгейде жоғары сенімге ие екендігін көрсетеді», - деп мәлімдеді Тәкиев.

Халықаралық Қайта құру және даму банкінен 84,9 млрд жапон йенасы көлемінде (600 млн АҚШ доллары) берешек тарту жоспарланып отыр.

«Бұл қаражат, экономикамыздың маңызды салаларын қамтитын Үкіметтің осы жылға арналған республикалық бюджетте қарастырылған міндеттемелері мен басым бағыттарын қаржыландыруға жұмсалады. Банктің қарызы 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Бұл банкте де көп жылдар бойы біздің стратегиялық әріптесіміз бола тұра, Қазақстан экономикасының орнықты дамуына қосып жатқан үлесі зор», - деді қаржы министрі.

Қазақстан бұл банкке 1992 жылы мүше болған. Жалпы Қазақстанның үлесі 0,17%. Тартылған инвестициялар көлемі шамамен 8,2 млрд долларды құрайды.

 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#келісім #қарыз