$ 495.95  524.37  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақмола облысының инвестициялық әлеуеті: экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктері

Ақмола облысында аграрлық сала, туризм, өндірістік әлеует инвестиция тартудың негізгі көзіне айналып отыр

Ақмола облысының инвестициялық әлеуеті: экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктері
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысы – Қазақстанның экономикалық әлеуеті, инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің бірі. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және туризм салаларында үлкен мүмкіндіктерге ие аймақ ретінде, Ақмола облысы инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы шаралар аймақтың инфрақұрылымын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған. Azattyq Rýhy материалында аймақтағы инвестициялық ахуал туралы оқи аласыз.

650 МИЛЛИОН ДОЛЛАРЛЫҚ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Облыстың аграрлық бағыттағы мүмкіндіктері үлкен сұранысқа ие. Егіншілік пен мал шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу және олардың өнімдерін экспортқа шығару өңірдегі негізгі бағыттардың бірі деуге де болады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу жобаларына шетелдік және отандық инвесторлар үлкен қызығушылық танытуда. Бұл бағытта Ақмола облысы астық өнімдерін өңдеу және дайын өнім түрлерін шығару арқылы инвестиция тартуда ісінде де оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр деуге болады.

Бірер апта бұрын ғана Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2024) аясында Ақмола облысының әкімдігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ және Dalian Hesheng Holding Group Co., Ltd. компаниясы арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Бұл келісім бойынша Ақмола облысының агроөнеркәсіп секторында ауқымды жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жоба бойынша Аршалы ауданындағы «Aqmola» индустриалды аймағында астықты терең өңдейтін зауыттың құрылысы жоспарланып отыр.

Жобаның құны шамамен 650 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр, ол аймақта шамамен 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, зауыт өнімді жоғары қосылған құнмен өндіріп, оны Еуропа, араб мемлекеттеріне, сол сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспортқа шығаруды көздеп отыр. Бұл бастама Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге және өңірдің экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, осы меморандумға қол қойылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық саладағы экономикалық байланыстарды нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін ашпақ.

«Бұл келісім біздің ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтіп, Ақмола облысын елдің жетекші аграрлық өңірі ретіндегі орнымызды нығайта түседі. Қол қойылған меморандум – мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында айтылған астықты терең өңдеу зауыты секілді жоғары экспорттық өнім өндіру бойынша маңызды жобаны іске асырудың алғашқы қадамы. Жоба жылына 1 миллион тоннадан астам астықты нарықтық бағамен сатып алу мүмкіндігін бере отырып, облыстың аграрлық секторына үлкен пайда әкеледі», – деп мәлімдеді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ

Ақмола облысының Қосшы қаласы инвестиция тарту ісіндегі әлеуеті зор. 2021 жылы қала статусын алған Қосшы соңғы жылдары тоқтаусыз, қарқынды дамып келе жатқан, тұрғындар санының өсімі мен инфрақұрылымдық жобаларымен танымал жаңа қала ретінде инвесторлардың назарын еріксіз аудартады. Қалада тұрғын үй құрылысы, білім беру мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін қолайлы жағдай жасау бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қосшыдағы инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін жаңа инфрақұрылымдар салынып, инвестициялық аймақтар ұйымдастыру жұмыстары қолға алынуда.

Міне осыған қарап-ақ Қосшы қаласының инвестициялық әлеуеті жоғары деңгейде дамып келе жатқанын байқауға болады. Сол сияқты қала стратегиялық тұрғыдан елордаға жақын орналасқан және инфрақұрылымы қарқынды түрде жаңғыртылуда. Қалада кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптасып, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларындағы жобаларға инвесторлар қызығушылық танытуда, бұл Қосшыны экономикалық тұрғыдан тартымды өңірге айналдырады. Қосшы қаласының инфрақұрылымын дамыту мен әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталған бастамалар инвестиция тартудың тиімді жолдарын ұсынып, қаланың болашақта жаңа даму белестеріне жетуіне мүмкіндік береді.

Жуырда ғана Қосшы қаласына жаңадан әкім болып Азамат Қапышев тағайындалған болатын. Қаланың жаңа басшысын өңір әкімі Марат Ахметжанов таныстыру барысында бірқатар міндет жүктеген болатын. Солардың арасында ерекше атап өтерлігі, Азамат Қапышевтен географиялық тиімді орналасуды ескере отырып, инвестицияларды тарту, кәсіпкерлік пен туризмді дамыту жұмыстарын жалғастыру қажет екені, сонымен қатар, әлеуметтік нысандарды іске қосу және жол желісін дамыту бойынша белсенді жұмыс күтілетіні айтылды.

ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ

Облыстағы Бурабай курорты мен басқа да туристік орындар инвестиция тартудың маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Табиғи сұлулығы мен климаттық жағдайлары ерекше бұл аймақтарда туристік инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар салынып, жаңа демалыс орындары, қонақ үйлер, санаторийлер ашылып жатыр. Мысалы, жыл сайын Бурабайға келушілер саны артып келеді, сондықтан туристерге арналған қонақ үйлер мен сервистік қызметтерді көбейту арқылы облыс ішкі және шетелдік туристерді тартуды көздеп отыр. Туризмді дамыту арқылы өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақ экономикасына да оң әсерін тигізіп жатыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркі дирекциясының мәліметінше, биыл жаз мезгілінде, яғни 1 маусым мен 31 тамыз аралығында ұлттық паркке 450 мыңнан астам турист барыпты. Бұл өткен 2023 жылмен салыстырғанда 20 мың адамға артық. Ал осы жылдың 8 айының көрсеткіші бойынша 650 мыңнан астам турист келген. Былтыр дәл осы аралықта 550,7 мың адам демалу үшін келіпті. Цифрлық мәліметтерге сенсек, туризм дәл осы аймақта ерекше қарқынмен дамып келеді.

«Инфрақұрылымды дамыту және экскурсиялық бағдарламаларды кеңейту тек Қазақстаннан емес, шетелден де туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Жаз мезгілінде саябаққа 8 мыңнан астам шетелдік қонақ келді. Туристердің негізгі елдері қатарында Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Германия және Қытай бар, сол сияқты мұхиттың арғы бетінен АҚШ азаматтары да қызығушылық танытып отыр», – деп атап өтті «Бурабай» МҰТП директорының даму жөніндегі орынбасары Венера Нұғыманова.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ

Жыл басынан бері іске асырылған бірыңғай кешенді бағдарлама арқасында 644 жобаға қолдау көрсетіліп, өңірдегі саланың дамуына тың серпін берілді. Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспановтың осыған дейінгі жиындардың бірінде айтқанындай, мемлекеттік қолдау шаралары өңірдегі кәсіпкерліктің өркендеуіне оң ықпал етіп отыр.

«Бағаның өсуін тежеу мақсатында өндірушілер мен дүкендер арасында мыңнан астам келісімшарт жасалып, төмендетілген бағамен тауарлар ұсынылған 323 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру үшін бюджет қаражаты бөлініп, қыс және көктем мезгілдерінде халықты үздіксіз қамтамасыз ету үшін өңірлік қоймаларда көкөніс өнімдерінің жеткілікті көлемін сақтау туралы келісімдер жасалды», - деп мәлімдеді басқарма басшысы.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ТАРАПЫНАН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚОЛДАУ

Ақмола облысында жергілікті билік органдары инвестициялық климатты жақсарту бағытында белсенді жұмыс істеуде. Инвесторларға қажетті қолдау көрсету үшін «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Мұнда инвесторларға қажетті құжаттарды рәсімдеу мен бизнес ашу бойынша кеңестер беріледі. Әкімдіктер тарапынан инвесторларға жер телімдерін тиімді шарттармен беру, салық жеңілдіктерін ұсыну, құрылыс және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге көмек көрсету секілді қолдау шаралары ұйымдастырылады.

Ақмола облысы әкімдігі алдағы жылдары инвестициялық жобаларды кеңейту мақсатында бірқатар маңызды жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, цифрландыру, инновацияларды енгізу және заманауи технологияларды тарту арқылы өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, аймақтағы туристік бағыттарды көбейту арқылы халықаралық туристер санын арттыру, жаңа туризм нысандарын салу жұмыстары да басты назарда.

Жалпы, Ақмола облысында инвестиция тарту экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл жұмыстар өңірге жаңа технологиялар, қаржы ағындары мен мамандардың келуіне ықпал етіп, өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуда маңызды рөл атқаруда. Инвестициялық белсенділікті арттыру арқылы облыс өзінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуде және Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға өз үлесін қосып келеді.

Серіктес жаңалықтары