$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мұнай, импорт пен экспорт, ЖІӨ: Қазақстан экономикасы болашақта қалай дамиды?

Алдағы жылдары экономиканың барлық саласында өсім болжанып отыр, дейді Байбазаров

Мұнай, импорт пен экспорт, ЖІӨ: Қазақстан экономикасы болашақта қалай дамиды?
Фото: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Үкіметі Мәжіліс қарауына елдің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, болжам негізіне мұнай бағасы барреліне 75 АҚШ доллары және доллардың есептік бағамы 470 теңге болғандағы базалық сценарийі алынған.

«Болжам бойынша 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 5,6 пайызды құрайды, 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсімі 5,4 пайыз болады. Номиналды жалпы ішкі өнім 2025 жылғы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық саласында өсім күтілуде. Мәселен, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсім қарқыны 4,1 пайыз, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,8 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9 пайыз. Ауыл шаруашылығында орташа жылдық өсім – 5,3%, құрылыста – 9,3%, көлік қызметтерінде – 8,2% және саудада – 7,1%», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Тауар экспорты 2025 жылы 82,3 млрд доллардан 2029 жылы 90,0 млрд долларға дейін өседі деп болжанып отыр. Импорт 61,3 млрд доллардан 67,5 млрд долларға дейін өседі.

«Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз, 2026 жылы 5-6 пайыз аралығында айқындалды, кейіннен 2027-2029 жылдары 5 пайызға дейін төмендеуі күтілуде», - дейді вице-премьер.

Сондай-ақ, 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылған. Бұл ретте, кірістер 2025 жылы 15,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 10,4 пайыз деңгейінде болжанған. Осы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 2,9 трлн теңгені құрап, 2027 жылға қарай 18,2 трлн теңгеге дейін немесе 16,4 пайызға ұлғаяды.

«Бюджет кірістерінің негізгі өсімі экономиканың даму қарқынын ұлғайту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету есебінен қамтамасыз етіледі. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің теңгерімін кірістер базасы есебінен қамтамасыз ету үлесі 2025 жылы 63,7 пайызды, 2026 жылы 75,0 пайызды және 2027 жылы 76,9 пайызды құрайды. Кепілдендірілген трансферт бюджет қағидасын ескеріп, жыл сайын 2 трлн тенге мөлшерінде айқындалды. Нысаналы трансферт 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ өңірлік дамуды қолдауға 3 250 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр», - деді министр.

Республикалық бюджеттің шығыстары да бюджеттік қағидаларды ескере отырып айқындалған.

Байбазаровтың айтуынша, бюджет шығыстары 2025 жылы 25,8 трлн теңге, 2026 жылы – 23,2 трлн теңге, 2027 жылы – 24,6 трлн теңгені құрайды.

Ал фискалдық және мұнай емес тапшылық деңгейі 2025 жылы тиісінше жалпы ішкі өнімге 2,7% және 7,3% құрап, 2027 жылы жалпы ішкі өнімге 1,9% және 4% дейін төмендейді деп болжанып отыр, деп қорытындылады сөзін министр.

Серіктес жаңалықтары