Абай облысында мемлекеттік қарыздың өңірге әкелген нақты нәтижесіне емес, оны игеруге ғана басымдық берілген

Автор: Аубакирова Нургуль

Облыста борышты басқаруға аудит жүргізілді

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасымен Абай облысында мемлекеттік борыш пен жекелеген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің берешегін басқару тиімділігіне аудит жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғары аудиторлық палата былтыр республикалық деңгейде осындай аудит жүргізіп, әкімдіктер борышының көлемі соңғы бес жылда 2,5 есеге өскенін анықтады. Өңірлерде борышты бақылау және басқару жүйесінде айтарлықтай жүйелі проблемалар мен кемшіліктер бар. Осыған байланысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың тексеру комиссияларына 2024 жылы тиісті аудит жүргізу тапсырылған болатын.

«Мәселен, Абай облысында 2022-2023 жылдары жинақталған борыш көлемі 69 млрд теңгеден асып түсті. Биыл 30 сәуірдегі жағдай бойынша қарыздың 16 млрд теңгеден астамы өтелген. Кредит негізінен құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы бағдарламаларға алынған», - деп мәлімдеді ЖАП.

Абай облысында өткізілген аудит 12 нысан мен 20,7 млрд теңгені қамтыды. Атап айтқанда, аудит барысында өңірдің 6 квазимемлекеттік сектор субъектісі 224 млн теңге қарыз сыйақысы мен негізгі борышты өтемегені анықталды. Тағы 3 аудит объектісі 711 млн теңгеден астам сомаға бухгалтерлік заңнаманы бұзған.

Өңірлік деңгейде борышты басқару процесін Абай облысының қаржы басқармасы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп жүзеге асырады. Алайда мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмі облыстың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін сапалы және уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік бермей отыр.

«Бірде-бір мемлекеттік орган борыш стратегиясының тиімділігіне және оның өңірдің қаржылық жағдайына тигізетін әсеріне тұрақты талдау жүргізбейді. Мемлекеттік борыштың бюджетке, экономикалық өсуге және басқа көрсеткіштерге қалай әсер ететіні туралы бағалау жоқ», — делінген аудиторлардың қорытындысында.

ЖАП облыста қарыз ақшаны пайдалану аясында жүргізілетін жұмыс көбіне олардың игерілуіне бағытталғанын атап өтті. Жұмсалған қаражаттан нақты нәтиже мен экономикалық тиімділік алуға жеткілікті көңіл бөлінбейді.

Аудит қорытындысы бойынша 1,1 млрд теңгеге қаржылық заң бұзу фактілері анықталды:

  • бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану 6,1 млн теңге;
  • тиімсіз жоспарлау 143,3 млн теңге;
  • рәсімдік сипаттағы 21 заңбұзушылық;
  • ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда 20,6 млн теңге.

Аудит объектілеріне тиісті ұсынымдар беріліп, заңбұзушылықтарды жоюға ұйғарым шығарылды.