Қазақстандықтар онлайн саудаға 144,6 млрд теңге жұмсаған
Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 2 трлн теңгеге жетуі мүмкін
Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда электронды сауданың орта есеппен 26%-ға өскендігі байқалады. Жалпы алғанда, 2018 жылы келісімдердің көлемі 259,5 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде бөлшек сауда – 144,6 млрд теңге, көтерме сауда – 114,9 млрд теңгені құрады. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауданың үлесі – 1,4%. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, таяу бесжылдықта электронды бөлшек сауда көлемі 2 трлн теңгеге дейін өседі.
Қазақстан нарығында 1 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейтін 20-ға жуық электронды сауда алаңы және 1700-ден астам тәуелсіз интернет-дүкен бар. Электронды тауарлар мен қызметтерді сатып алушылардың жалпы саны шамамен 2,3 млн адамды құрайды.
Электронды коммерция нарығы құрылымының 68%-ы тауар саудасынан және 32%-ы қызметтен құралған. Құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім мен аяқ киім жоғары сұранысқа ие. Қызметтердің қатарына әуе және пойыз билеттерін сату, мәдени шаралар мен коммуналдық қызметтерге төлем жасау жатады.
Онлайн сауда ахуалы қолма-қол ақшасыз төлеу құралдарын дамытумен тікелей байланысты. Ұлттық банк берген мәліметке сәйкес, 2019 жылдың 1 қыркүйегінде 26,6 млн адам қолданушы болып табылатын 30,1 млн төлем картасы айналымда жүр. Олардың арасында қолданыста ең көп тарағаны дебет картасы – 78,6% деп танылса, кредиттік карталардың үлесі – 18,0%-ды құраған.
Төлем карталарын қолдану арқылы транзакция көлемі 2019 жылы 2,7 трлн теңгені құраған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 49,3%-ға артық көрсеткіш болып табылады. Өткізілген транзакция көлемі де 84,4%-ға ұлғайып, 130,4 млн-ға жеткен.