Франция 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді жоспарлап отыр

Автор: Аубакирова Нургуль

Бүгінде Францияда электр қуаты көміртексіздендірілген

Фото: © freepik.com

Астанада өтіп жатқан «ҚазАтомЭкспо» халықаралық ядролық технологиялар көрмесінде Францияның мемлекеттік электрэнергетикалық компаниясы – EDF Францияның жаңа ядролық нысандарды салу жөніндегі бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Вендорлардың панельдік сессиясында EDF өкілі Лоран Фабр Францияның реакторларды дайындау, оны басқару және пайдалану бойынша мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

«Бізде отыздан астам елде, соның ішінде Өзбекстанда 171 мың қызметкер жұмыс істейді. Ядролық энергетикаға тоқталсақ, біз генерациядан бастап істен шығаруға дейінгі барлық жұмысты қамтимыз. Реакторларды әзірлеу, сондай-ақ оны басқару, пайдалану бойынша мүмкіндіктеріміз бар. Бүкіл әлем бойынша, соның ішінде Францияда, Еуропада және Ұлыбританияда 60-қа тарта реакторымыз бар. Жаңа ядролық бағдарлама – бұл Францияда ядролық реакторлар салудың екінші толқыны. Алғаш өткен жылдың сексенінші жылдары басталған ауқымды бағдарлама. Біз өзіміздің жетекші жобаларымызды, технологияларымызды пайдаланамыз, сонымен қатар сұранысты ескереміз. Бізге жаңа ядролық қуаттар, атом қуаттары қажет пе, жоқ па, соны назарға аламыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, компанияның филиалдары үш жыл бойы сұраныс пен ұсынысқа талдау жүргізген.

«Есептің басты тұсы – 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қалай қол жеткізсе болады. Бұл электр энергиясын орнықты тәсілмен тұтынуға, барынша электр қуатын пайдалануға қатысты. Қазір Францияда электр қуаты толығымен көміртексіздендірілген. 2050 жылға қарай қажеттіліктеріміздің 50-55 пайызы электр қуаты есебінен жабылады деген ойдамыз», - дейді Лоран Фабр.