Оңтүстік Кореяның үштен бірін электр қуатымен қамтып отырған компания Қазақстанда АЭС салғысы келеді

Компанияның тұрақты қаржылық жағдайы жобаларды бүкіл әлем бойынша жүзеге асыруға мүмкіндік береді

Оңтүстік Кореяның үштен бірін электр қуатымен қамтып отырған компания Қазақстанда АЭС салғысы келеді
Фото: © istockphoto.com / bewrite

Korea Hydro & Nuclear Power (KHNP) компаниясы Қазақстанда атом электр станциясын салу және пайдалану бойынша өз қызметтерін ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компания өкілі Хейся Цзянның айтуынша, KHNP –  Корея электр энергетикасы корпорациясының еншілес компаниясы. KHNP Оңтүстік Кореядағы ірі атом және гидроэлектр станцияларын басқарады, елдегі электр энергиясының үштен бірі солардың үлесіне тиесілі.

«Біздің ұйым ішкі сұраныстың 30 пайызын өтеп отыр. Біз күн және жел энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдаланамыз. Атом энергетикасына тоқталар болсақ, Кореяда 26 ядролық қондырғы және 37 гидроэлектрлік станция бар. Мұның бәрі компанияның берік қаржылық жағдайына негізделеді», - дейді Хейся Цзян «ҚазАтомЭкспо» халықаралық ядролық технологиялар көрмесі аясында өткен вендорлардың панельдік сессиясында.

Айта кетері, KHNP АЭС қуаты бойынша әлемде үшінші орын алады және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуден АЭС құрылысы мен эксплуатациясына дейінгі қызметтерді ұсынады.

Қазіргі таңда KHNP Біріккен Араб Әмірліктерінде APR-1400 реакторларымен «Барака» АЭС-нің төрт энергоблогын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Оның екеуі 2020-2021 жылдары пайдалануға берілген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.