Қазақстан АЭС салуы мүмкін елдерді қалай таңдады

Ең алдымен ядролық реакторлардың қауіпсіздігіне мән берген

Қазақстан АЭС салуы мүмкін елдерді қалай таңдады
Фото: istockphoto.com

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин елімізде атом электр станциясын салуы мүмкін вендорлар қандай критерийлер бойынша таңдалғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астанадағы «ҚазАтомЭкспо» халықаралық ядролық технологиялар көрмесінде «Қазақстандағы атом өнеркәсібінің дамуы: қазіргі жағдайы, жаһандық сын-қатер мен перспективалары» атты пленарлық сессиясы өтіп жатыр.

Шара барысында сөз сөйлеген Тимур Жантикин АЭС салуы мүмкін компаниялар қалай іріктелгенін түсіндірді. Айтуынша, он үш жобаның арасынан Қазақстанның энергетика министрлігімен пысықталған критерийлер жүйесі негізінде төртеуі таңдалған. Кейін осы төрт жоба өзектендірілген. Қазақстанға тәжірибелі инженерлік компаниялардың бірі консультация берген.

«Ең алдымен IIIIII+ буындағы реакторлардың қауіпсіздігіне назар аудардық. Осы жобалық ұсыныстар негізінде экономикалық көрсеткіштерге де мән бердік. Кейін тағы бірнеше фактор болды: ұсынылатын қызметтер пакеті, персоналды оқыту, қызмет көрсету және тағы бір маңызды фактор – реакторды өз отынымызбен қамтамасыз ету. Тиісінше біз ядролық отын бізде өндіріле ме, жоқ па соған қарадық», - деді Жантикин.

Оның айтуынша, Франция мен Қытай жобалары қазақстандық отынмен қамтамасыз етіледі. Ал қалған екеуі отынды қажет болса Қазақстанда өндіреміз деп уәде берген.

Айта кетері, Қазақстанда АЭС салуы мүмкін компаниялардың шорт-тізіміне Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея кірді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.