«Қарызсыз қоғам»: жоба аясында жүз мыңнан астам адам қаржылық сауатын жақсартқан

Azattyq Rýhy

«АМАNАТ» партиясының бастамасы былтыр басталған

«Қарызсыз қоғам»: жоба аясында жүз мыңнан астам адам қаржылық сауатын жақсартқан
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Бүгінгі таңда елімізде екі миллионға жуық қазақстандықтың несие бойынша мерзімі 90 күннен асады екен. Сондықтан қазіргі уақытта Үкімет алдында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру міндеті тұр. Несиелендіру деңгейін төмендету және қаражатты жоспарлауға көмектесуге арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы сәтті жүзеге асып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Халық 20 бағыт бойынша көмек алады

Былтыр мамыр айында халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, қарыздан құтылуға көмектесетін «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылған болатын. Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейтетін Жол картасын және қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысы туралы ереже дайындады. Жобалық кеңселер азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Аталған жобаның негізгі мақсаты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және несиелік жүктемені азайтуға арналып отыр.

Бұл жоба еліміздің барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда сәтті іске асып жатыр. Еліміздің әр түкпірінде консультативтік-кеңесші топтар құрылған. Олардың құрамына қаржы бойынша тәуелсіз кеңесшілер, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері және жеке сот орындаушылары кіреді. Өз кезегінде олар азаматтарға банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, әрі қарай бизнесті жоспарлауға және жұмысқа орналасуға көмектеседі.

Соңғы жылдары елімізде борышкерлердің мәселесі өзекті болып отыр. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, халық негізінен екінші деңгейлі банктерден ипотека, автокредит және кепілсіз несие рәсімдейді. «Qoldau» ақпараттық жүйесіндегі мәліметке сенсек, Қазақстан бойынша барлығы 2 880 адам өзін банкрот деп таныған. Соңғы жылдары халық арасында онлайн несие алуға да сұраныс артып отыр. Адамдар қайтара алмайтынына қарамастан қарыз алып жатқан халықтың үлесі артып келеді. Оның бірден бір себебі микро қаржы ұйымдары адамдардың төлем қабілетін тексерместен онлайн несиені бере салатынында болып отыр. Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Сөйтіп, мик­роқаржы ұйымдары көпшілік үшін пайыз­дық мөлшерлемесіне қарамай, ақ­шадан қиналғанда көмек көрсететін «құтқарушыға» айналған. Олар адамдарды көптеп тарту үшін оңай шарттар жасап қойған. Мысалы, жа­сы 18-ден асса, 10 мың теңгеден бас­тап 3 млн-ға дейін беретіні де бар. Статистикаға сүйенсек, бұндай ұйымдарға ұлттық банк­тен мақұлдау ала алмаған немесе банк­тердің «қара тізіміне» кіріп кеткен аза­маттар жиі жүгінеді екен. Осындай «майшелпектің» соңы 10 емес 100 еселеп қарызды қайтаруға алып келеді. Адамдар сөйтіп жылдар бойы қарыздың өзін емес, үстіндегі пайызын қайтара алмай дал болып жүреді.

«Қарызсыз қоғам» жобасы білімінің таяздығы мен хабары болмағандықтан сан соғып қалған талай адамға көмек қолын созып отыр. Халықтың одан әрі қарыз алуына жол бермеу, борыштық жүктеменің өсуін шектеу, қаржы нарығындағы алаяқтық фактілерді азайту, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жұмыс істеп келеді.

«Қарызсыз қоғам» жобасында өткен жылы 65 мың адам, биыл 49 мың адам білім алды. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегімен туындаған мәселелерін дұрыс шешіп отыр. Бұл ретте, шоттың бұғатталуынан бастап, қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта көмек жүргізілді. Сондай-ақ қаржы сарапшылары бизнес-жоспар жазу, отбасылық бюджетті қолға алуды үйретті. Ең бастысы, жоба қатысушыларының санасы түбегейлі өзгерді. Қарызды тегін жатқан дүние деп санауды тоқтатып, әр алған тиынның үстіндегі пайызы қанша болатынына мән беретін болды. Мәселе көп қаражат табуда емес, түскен табысты ұқыптап жұмсай білуде. Халықты тұтыну психологиясынан үнемдеу психологиясына бағыттаудың маңыздылығын түсінуде болып отыр.  

Жоба ұйымдастырушылары халықтың шамадан тыс несие алуы – өте өзекті мәселе екенін айтады. Миллиондаған адам көмек пен қолдауға зәру. Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 15%-дан көбінде 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Бұл көрсеткіш күн санап артып келеді. Осы ретте, жыл басында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек биыл еліміздің барлық 20 өңірінде 200 мың адам қаржылық сауаттылығын арттыратынын айтқан болатын.

Негізі аталған жобаға қатысушылардың жартысынан көбі көпбалалы аналар екен. Партия оларға жағдайды жақсартудың жаңа құралын ұсынды. Атап айтқанда, оқудан өткен әйелдер жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып ала алады. Бастама аясында жыл соңына дейін 3500 әйелді қамту жоспарланып отыр. Олар жоба тәлімгерлерімен бірлесіп, әйелдер қауымын тұрақты табыс табатын деңгейге жеткізуді көздеп отыр.

Оқушылар мен студенттердің қаржылық сауатын арттыру үшін 7500 мұғалім даярланады

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мұғалімдерді қаржылық сауаттылықты оқыту дағдыларына үйретуді ұйымдастырып отыр. Республика аумағында барлығы 7500 мектеп, колледж және университет мұғалімдерін оқыту көзделіп отыр. Жоспар бойынша жаңа пән жаңа оқу жылында оқу бағдарламасына енгізілмек. Біздің қоғамда мұғалімдер әрдайым прогрессивті бастамалардың негізгі нұсқаушысы. Сондықтан педагогтердің қаржылық сауаттылық бойынша жаңа пәннің мәнін түсінуі және бұл бағытта жастардың сауатты білім алуы аса маңызды.

«Қарызсыз қоғам» жобасын жалпыұлттық жобаға айналдырмас бұрын оның ауқымын кеңейту аса маңызды. Сол үшін бұл жұмысты ең алдымен мектеп пен ЖОО-дан бастау керек. Келер ұрпақ табысы мен шығысын есептей алатындай деңгейде болуы керек.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов  бүгінгі отандық білім беру жүйесі өскелең ұрпаққа ең қажетті білімді беріп, оларды қазіргі өмірге барынша дайындауы тиіс екенін айтқан еді. Өйткені, біздің ел алдыңғы қатарлы шетелдік елдердің тәжірибесін негізге алуы тиіс.

Сонымен қатар, «Қарызсыз қоғам» жобасының әдіскерлер жұмыс тобының жетекшісі Алма Дощанованың айтуынша, аталған жоба бойынша 600 мың мұғалім, оқушы және олардың ата-аналары арасында арнайы сауалнама жүргізілген. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, сауалнамаға қатысқан оқушылардың 60%-ы қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастаманы ата-аналар тарапы да қолдайды, 78% респондент балаларының қаржылық сауаттылықты оқуға қызығушылық танытқанын айтады. Мектеп қабырғасындағы балалардың ата-анасымен қатар, ұстаздар қауымы да, жас жеткіншектерді қаржылық сауаттылыққа баулу керек екенін жақсы біледі. Мысалы, Семей қаласының №5 гимназия мұғалімі Сайрамгүл Жұмаділованың пікірінше, қазіргі уақытта смартфонның көмегімен несие рәсімдеуге болатын цифрлық дәуірде балаға несиенің не екенін түсіндіру және қолындағы бар қаражатын тиімді жұмсай алатын деңгейде болудың маңызды екенін айтады.

«Мектептердегі қаржылық сауаттылық оқыту маңызды, өйткені ол балаларды ақшаны басқаруға үйретеді: бюджет құру, үнемдеу және ақшаға жауапты болу. Қарыздар мен алаяқтықтан аулақ болуға, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және болашаққа деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Бұл білім пайдалы және қаржылық тұрғыда тұрақты қоғам құруға көмектеседі», - деді ұстаз.

«Қарызсыз қоғам» жобасы білім берудің үш деңгейінде – мектептерде, колледждерде және университеттерде толық қолданылуы керек. Өйткені, цифрлы дәуір күнделікті құбылып жатқан заманда тек мектепте алған білім өмір бойына қолдануға жеткіліксіз болады. Оның үстіне қаржылық тақырыптардың күрделігіне байланысты бұл саланы тереңдетіп оқыту аса маңызды болып отыр. Бұған қоса, қаржылық сауаттылық бойынша мектеп олимпиадалары өткізіледі. Осы пәнді оқыту қарқыны ел бойынша, әсіресе экономикамен байланысты емес мамандықтар үшін барлық жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде енгізілмек.

Халықтың қаржылық тұрғыда сауатты болуына және несие берешегінің уақытында қайтарылуына біріші кезекте екінші деңгейді банктер мүдделі. Сол үшін де «Қарызсыз қоғам» жобасына еліміздің ірі банктері – Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK серіктес атанып, беленділік танытып отыр.

Белгілі болғандай, «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың 78% - әйелдер, 81% яғни, 54,4 мың адам - ауыл тұрғындары. Оның ішінде 72,8% - несиелері бар және оларды өтеуде қиындыққа тап болған жандар.

Халықтың сауатты болуы өз кезегінде аляқтық әрекеттердің де азаюына оң әсер етеді. Сондықтан қарызсыз қоғам құрудың алғышарты қаржылық тұрғыда сауатты болуға баулыйды.

Жанат Ерболған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.