«Kazakh Tourism» Берлин мен Дубайдағы көрмеге қатысу үшін 115,4 млн тенге жұмсаған

Azattyq Rýhy

Бұл туралы компания редакцияның ресми сауалына жауап бере отырып хабарлаған 

«Kazakh Tourism» Берлин мен Дубайдағы көрмеге қатысу үшін 115,4 млн тенге жұмсаған
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Биыл «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ITB Berlin, ATM Dubai, COTTM Beijing халықаралық туристік көрмелеріне қытысу үшін 115,4 млн теңге жұмсаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елдегі туризм саласына жауапты ұлттық компания биыл шетелдік көрмелерге қатысуға білек сыбана кірісіп отыр. Компанияның ресми жауабы бойынша, туризм және спорт министрлігінің тапсырысына сәйкес Германияның Берлин қаласындағы Internationale Tourismus Börse және БАӘ, Дубай қаласындағы Arabian Travel Market халықаралық туристік көрмелерінде Қазақстанның стенді ашылған. Сонымен қатар, 16-18 қазан аралығында ҚХР, Бейжің қаласында China Outbound Travel & Tourism Market халықаралық туристік көрмесінде стенд қою жоспарда бар.

«Биыл 5-7 наурыз аралығында Қазақстан ITB Berlin Халықаралық туристік көрмесіне қатысты, оған 23 турбизнес өкілдері, Алматы және Шымкент қалалары, Түркістан және Жетісу облыстарының туризм басқармаларының өкілдері қатысты. Көрмеде 88 шаршы метрге стенд қойдық. ITB Berlin 2024 көрмесіне қатысу барысында тікелей шығыстар салықтар мен алымдарды есептемегенде 57 069 292,15 теңгені құрады. Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанға алыс шетелден келген 1 турист орта есеппен 1500 доллар табыс әкеледі», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі біздің ресми сауалға жауап бере отырып.

Сонымен қатар, белгілі болғандай 2024 жылғы 6-9 мамыр аралығында БАӘ-нің Дубай қаласында Arabian Travel Market халықаралық туристік көрмесіне де Қазақстан қатысқан. Оған 16 туркомпания, 7 қонақ үй, Air Astana әуекомпаниясы, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының туризм басқармаларының өкілдері барған. Қазақстандық стендтің жалпы ауданы 60 шаршы метр болған. ATM Dubai 2024 тікелей шығындары салықтар мен алымдарды есептемегенде 58 343 158,54 теңге болды.

Сөйтіп, Қазақстанның биыл халықаралық екі көрмеге қатысуына бас аяғы 115,4 млн тенге жұмсалған екен.

Компанияның имидж үшін жұмсайтын қаражаты бұнымен бітпейді. Жыл сайын ірі медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында жарнамалық науқандар өтіп тұратыны белгілі. Мысалы, Қытайдың танымал Ctrip.com онлайн турагентіндегі көп арналы жарнамалық науқанда Қазақстанның туристік көрікті жерлері көрсетілген.

Осы ретте Ұлттық компания сыртқы шаралардан бөлек, Қазақстанның ішкі туризмін дамыту үшін қанша қаражат жұмсап отыр деген сұраққа компания мынандай ресми жауап жолдаған.

«Kazakh Tourism» - Kids Go Free деп аталатын Қазақстан Республикасының аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге қосылған билет құнын субсидиялау бағдарламасының операторы. Бағдарлама балаларға арналған авиабилеттердің құнын өтеу арқылы Қазақстанның туристік бағыттарында отбасылық демалысты ынталандыру үшін құрылған. Өткен жылы бағдарлама аясында 2000-ға жуық балаға 920-дан астам өтінім мақұлданды, жалпы субсидиялау сомасы 89 млн теңгеге жуық. Туроператорлар шамамен 460 млн теңгеге турлар сатты. 2024 жылы шамамен 2500-3000 бала осы бағдарламаны ел ішінде демалу үшін пайдаланады деген жоспар бар».

Сонымен қатар, жалпы еліміздің өңірлеріндегі туристік бағыттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету аясында 2023 жылы 85 инженерлік-коммуникациялық жобаны іске асыруға шамамен 442,3 млрд теңге бөлінді. Тағы 131 млрд теңгені құрайтын 33 инфрақұрылымдық жоба орындалмақ.

«Шетелдік туристер үшін туроператорларды субсидиялау (15 мың теңге), тау курорттары үшін құрал-жабдықтарды (кабельдер, шаңғы көтергіштер, қарға арналған машиналар) сатып алу үшін өтемақы (25%), туристік нысандардың құрылысына өтемақы (10%), жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің құрылысына өтемақы (10%), туристік автобустарды сатып алу үшін өтемақы (25%), СГТ қызмет көрсетуін субсидиялау (83 300 теңге) сияқты мемлекеттін көмек көрсетіледі»,- делінген ресми жауапта.

Естеріңізде болса, биыл маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұрғанын айтқан еді. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр», – деген еді мемлекет басшысы.

Жанат Ерболған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.