Корея Қазақстанның шығысында литий кенішін тапты: біздің қазба байлықтарды кімдер игеріп жатыр
Елге инвестиция құйған елдердің көш басында Нидерланд мемлекеті тұр
Қазақстанда шетелдік инвесторлар ақша салатын негізгі екі сала бар. Оның бірі - тау-кен өнеркәсібі (12,1 млрд доллар) және өңдеу өнеркәсібі (5,6 млрд доллар), деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Біздің елге инвестиция құйған елдердің көш басында: Нидерланд (8,33 млрд доллар), АҚШ (5,1 млрд доллар), Швейцария (2,8 млрд доллар), Бельгия (1,56 млрд доллар), Ресей (1,52 млрд доллар), Оңтүстік Корея (1,48 млрд доллар), Қытай (1,43 млрд доллар) тұр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің мәліметінше, Қазақстанда қазба байлықтардың әр түрі бойынша бас-аяғы 16 шетелдік компания өндіріс жүргізеді. Олардың ішінде Нидерландыға тиесілі кәсіпорындар саны өзгелерге қарағанда көп. Бұл елге тиесілі компания саны - 18. Оның ішінде 4 компания алтын, 6 компания көмір өндірумен айналысады. Сонымен қатар, Кипр елінен 6 компания көмір, алтын, марганец сияқты қазба байлықты өндіріп отыр. Бұл тізімде Швейцария, Германия, Австралия, Ұлыбритания, Люксембург, Канал аралдары, Ресей, Самоа, Люксембург, Сингапур, Голандия сияқты мемлекеттер бар.
УРАН
Былтырғы уран өндірісінің көлемі - 2023 жылы Қазақстан 21 мың тоннадан астам уран өндірді, оның 18 мың тоннадан астамы экспортқа кеткен. Уран сатудан түскен қаражат 3,4 миллиард долларға жетті.
Қазақ уранын сатып алған елдер - 2023 жылы Қазатомөнеркәсіп 9 елдегі 23 сатып алушыға уран өнімін сатты. Ол елдердің ішінде АҚШ, Франция, Канада және көрші елдер Ресей мен Қытай бар.
Уран өндірісіндегі Қазақстанның үлесі - Уран өндіретін 14 компанияның екеуі ғана (РУ-6, "Қазатомөнеркәсіп – SaUran" ЖШС) 100% «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі. Шетелдіктермен бірлескен 12 кәсіпорынның алтыауының 50 % үлесі Ресейдің еншісінде, үш компанияда Жапонияның үлесі бар. Одан бөлек, Франция, Канада, Қытай елдерімен бірлескен уран өндіру жобалары іске асып жатыр.
Ірі уран кен орындары:
Шу -Сарысу -60,2%
Солтүстік Қазақстан – 17,3%
Сырдария – 15,2%
Іле – 4,5%
Каспий маңы – 1,8
Балқаш маңы – 0,8%
Қазақстандағы уран қоры 990 мың тонна.
Уран өндірген компаниялардан мемлекетке түскен салық – «Қазатомөнеркәсіп» (компанияның 75% акциясы «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ-на, 24,34% -ы АҚШ-тың Citibank, N. A.-NY тиесілі.) 2023 жылы мемлекетке 314 млрд теңге сомасына дивиденд төледі.
МЫС
Былтырғы мыс өндірісінің көлемі – 600 мың тонна. Бұл жалпы әлемдік өндірістің 2,7%-ы. 2023 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстынның мыс қоры 20 миллион тонна. Сөйтіп жалпы көрсеткіште 11-ші орын тұр. Былтыр Қазақстан 397 мың тонна мыс экспорттап, 3189 АҚШ доллары көлемінде пайда тапты.
Қазақ мысын сатып алатын елдер – Қазақстандық мыс экспортының басты үш бағыты – Қытай, Түркия және БАӘ, олардың үлесіне қазақстандық мыс экспортының шамамен 85% тиесілі.
Ірі мыс кен орындары - Ақтоғай, KAZ Minerals (230 мың тонна), Жезқазған, Қазақмыс (171 мың тонна), Бозшакөл, KAZ Minerals (105 мың тонна), Қазанның 50 жылдығы, Russian Copper Co (38 мың тонна), Нұрқазған, Қазақмыс (25 мың тонна).
KAZ Minerals акцияларының 63,5%-ы және «Kazakhmys Copper»АҚ акцияларының 70 %-ы танымал бизнесмен Владимир Кимге тиесілі.
МЫРЫШ
2023 жылғы мырыш өндірісінің көлемі - 6,7 млн тонна. Бұл әлемдік өндірістің 2,8%-ы. Қазақстан мырыш қоры бойынша әлемде 7-ші орында тұр. Былтыр 201 мың тонна мырыш өзге мемлекеттерге сатылған екен. Одан түскен табыс көлемі 505 млн доллар.
Қазақ мырышын сатып алатын елдер - Қытай, Түркия және Ресей мемлекеттері Қазақстан сатқан мырыштың 70 %-ын алып отыр.
Ірі мырыш кен орындары - Жәйрем (71 мың тонна), Приорск (59 мың тонна), Қазанның 50 жылдығы (39 мың тонна), Малеевск (33 мың тонна), Құндызды (24 мың тонна).
Қазақстандағы мырыш өндірумен айналысатын Қазмырыш тау-кен компаниясы. Кәсіпорынның құрамына бес зауыт кіреді. Компанияның 70% акциясы швейцариялық Glencore трейдеріне тиесілі. Қалған акияның 29,8%-ы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының еншісінде.
КҮМІС
Қазақстанның күміс өндірісі - 2023 жылы 990 тоннаны құрап, 643 млн доллар табыс әкелген. Әлем бойынша күміс өндірісі бойынша 10-шы орын тұрмыз. «Kazakh Invest» деректері бойынша Қазақстан күміс қоры бойынша әлемде үшінші орында.
Қазақ күмісін сатып алып отырған мемлекеттер – 2022 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстаннан сыртқы мемлекетке сатылған күмістің 85%-ы Ұлыбританияға тисілі екен. Қалған үлесі Үндістан және Швейцарияға сатылып отыр.
Республика бойынша күміс өндіріп отырған ірі 5 кен орынының қатарына Жезқазған (8,4 млн унция), Ақтоғай (1,2 млн унция), Жәйрем (1,1 млн унция), Малеевск (0,9 млн унция), Артемьевск (0,9 млн унция) бар.
АЛТЫН
2022 жылы Қазақстанның алтын өндірісі - 120 тоннаны құрады. Бұл жалпы әлемдегі алтын өндірісінің 3,9%. Бағалы металл түрінің қоры бойынша әлемде 14-ші және алтын өндіру бойынша 7-ші орында тұр екенбіз. Ал былтыр Қазақстанның алтын сатудан тапқан табысы – 431 млн доллар.
Елдегі алтын өндірумен айналысатын ірі 5 кен орны - Алтынтау-Көкшетау (395 мың унция), Қызыл жобасы (330 мың унция), Варваринское (211 мың унция), Абыз (135 мың унция), Бозшакөл (122 мың унция).
Аталған кен орындарында алтын қазатын компаниялар - Glencore (ағылшын-швейцариялық халықаралық сауда және тау-кен компаниясы), Solidcore Resources, Казақмыс және KAZ Minerals (екі компанияның 65-70%-ы танымал бизнесмен Владимир Кимге тиесілі).
ЛИТИЙ КЕНІ
Кореяның геологиялық ғылымдар және минералдық ресурстар институты (KIGAM) былтыр Қазақстанда литий кен орнын ашты. Геологтар мәліметінше, кен орны ауданы 1,6 шаршы шақырым болады және Қазақстанның шығысында орналасқан. Тантал әдетте литий және цезиймен бірге пайда болатынын ескере отырып, институт былтыр мамырдан бері Қазақстан үкіметінің тапсырысы бойынша бұл аумақты зерттеп жатыр.
ШЕТЕЛГЕ ҚАЗБА БАЙЛЫҚ САТУДАН ҚАНША ПАЙДА КӨРІП ОТЫРМЫЗ?
Қазақстандағы бюджеттің басым бөлігі шикізат есебінен құралады. Былтыр салық мөлшерлемесі мен шикізат өндірісі артқандықтан экономикасының өсімі - 5%-ға жетті. Бірақ жоспар бойынша шикізат сатудан корпоративтік табыс салығы (1,1 трлн теңге), импорт бойынша қосымша құн салығы (415 млрд теңге), пайдалы қазбаларды өндіру салығы (209 млрд теңге) бюджетке түскен жоқ. Бұл салықтардың бюджетке түспеу себебі, 2022 жылмен салыстырғанда былтыр экспорттық тауарлардың бағасы орташа 11,3%-ға төмендеген. Сонымен қатар, теңге бағамының төмендеуі және көрші Ресейге салынған санкциялардың кері ықпалы әсер еткен.
Осы ретте, экономист Марат Қайрленов бюджеті шикізатқа тәуелді мемлекетте сын-қатарлердің бар екенін айтады.
«Шикізат бағасы үнемі тұрақты болмайды. Сондықтан бюджетке түсетін қаражаттың мұнай сияқты шикізат экспортына тәуелді болуы жалпы бюджет құрылымының әлсіздігін білдіреді. Бізде бұл мәселенің өзектілігін төмендету үшін Ұлттық қор құрылды. Яғни, нарықта шикізат бағасы арзан болған кезде осы қордан төлемдер аударылып отырды. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес. Өйткені, қара алтынның дәуірі күндердің күнінде аяқталатыны түсінікті. Әлем бойынша мұнай қалдықтарынан шығатын өнімнің 10 пайызы пластмасса жасауға бағытталады екен. Қалғаны отын түрінде қолданылады. Кейбір болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға қарай мұнай бағасы 30 доллардай болуы мүмкін», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұнай бағасының тым құлдырыап кетуі біз үшін қорқынышты сценарий болмақ. Сондықтан шикізатқа тәуелді болудан арылатын уақыт келді.
«Бізде экономиканың диверсификациясы, яңни, әртараптануы туралы жиі айтылады. Бірақ өкінішке қарай, бұл туралы ауыз толтырып айтатындай ештеңе жасалған жоқ. Шетелден келетін тікелей инвестиция ағыны біздің экономикамыз үшін позитивті фактор. Бұл жерде инвесторлармен қандай қарым-қатынас орнайды? Негізі мәселе осында болып отыр. Шетелдік инвесторлардың қаражатымен қатар, жаңа технологиялар да келіп жатыр. Кезінде 90 жылдары мұнай өндіру үшін шетелдіктерді шақыруға мәжбүр болдық. Өйткені, біздің жеріміздегі ірі кен орындарын игеретін қажетті техникамыз болған жоқ. Екіншіден, мемлекеттің қазба-жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражаты болған жоқ. Бұған қоса, кадр мәселесі де өзекті болды. Меніңше, ең маңыздысы – елдегі жемқорлықтың етек жаюы»,- дейді экономист.
Оның сөзінше, бұрынғы «АрселорМиттал» өзге дамыған мемлекеттерде барлық талаптарды сақтап, салық төлеп жұмыс істеп жатыр. Бірақ біздің елге келгенде ойларына келгенін істеді. Оның бірден бір себебі – жемқорлық. Десе де сарапшы шетелдік инвесторлардан қорқудың қажеті жоқ екенін айтады.
«Инвесторлардың да түр түрі бар. Мысалы, олардың ішінде жаңа өндіріс орындарын ашып, мемлекет бюджетіне қомақты салық төлеп отырғандарды назардан тыс қалдырмау керек. Қазір біздің үкімет шетелдік ірі мұнай өндіруші компаниялардың 160 млрд доллар көлемінде салық төлемегенін айтады. Бұл ретте, үкіметтің айтып отырған талабымен келісуге болады. Инвестор мемлекетке салық төлеуі тиіс. Ал дәл қазір біздегі жемқорлық факторлары осы инвестиция саласында да «қызыл» деңгейге өтіп кеткен», - дейді Марат Қайрленов.
Сарапшының сөзіне сенсек, Нидерланды, АҚШ және Швейцария сияқты елдерден инвесторлардың келуінен қорықпау керек. Ең бастысы, мемлекетке уақыты тиісті салық төлеп отырса болды. Соны заң аясында қадағалап отыру маңызды.
«Ал Қытай мен Ресейден келетін кейбір инвестиция ағыны ұлттық қауіпсіздік мәселесіне әсер етуі мүмкін. Мысалы, уран кен орны әртүрлі бағалаулар бойынша 12-15 миллиард доллар Ресей Федерациясына берілді. Олардан мемлекет бюджетіне ешқандай салық түсіп жатқан жоқ. Осындай күмәнді келісімдер мен инвесторлардан қорқу керек. Бұның да бірден бір себебі, айналып келіп жемқорлыққа тіреледі. Саяси реформаларсыз экономика өспейді. Онсыз елдің жағдайы да, экономикасы да алға баспайды», - дейді экономист.
Осы ретте, шетелге сатылған шикізат экспортының барлық қаражаты бірден мемлекет бюджетіне түспейтінін айта кету керек. Экономист Ғалымжан Айтқазиннің сөзінше, Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бар. Оны жер қойнауын пайдаланушылар төлеуге міндетті. Бұл салықтың белгілі бір бөлігі Ұлттық қорға түседі. Қалғаны республикалық бюджетке аударылады.
«Көп жағдайда бюджетте тапшылық туындаса ұлттық қор қаражатынан аударылым жасалады. Ешқашан қорға да, бюджетке де қазба байлық экспортынан тапқан табыс толықтай түспейді. Оның тек белгілі бір бөлігі ғана аударылады. Негізі түскен табыстың көп бөлігі компанияның өзінде қалады. Экспорттан түскен қаражаттың қалай төленетіні келісімге сәйкес өзгеріп отырады. Жалпы бұған дейін де шикізат сатып отырған ұлттық компаниялар түскен табысының 55-70 пайызын дивиденд ретінде үкіметке беру керек деген талып болған. Оның өзі нақты бекітіліп заңда жалымаған. Әр компания қанша дивиденд төлеу керегін түптен келгенде өзі шешеді», - дейді Ғалымжан Айтқазин.
Геологтар Қазақстанда табылған қазба байлық қоры әлі жарты ғасыр бойы өндіруге жететінін айтады. Нақты зерттеу нәтижесінде жер қойнауында алтын 20-25, мұнай 30 жылға дейін пайдалануға жеткілікті екені анықталған. Қазір елде 9 мыңнан аса кен орны бар. Онда 103 түрлі пайдалы қазбалар алынады.
Жанат Ерболған