Үкімет азық-түлік бағасын өсірмеу үшін 118 млрд теңге бөлген: оның пайдасы болды ма

Azattyq Rýhy

Әрбір облыста әкімдік жанынан баға тұрақтандыратын қорлар жұмыс істейді

Үкімет азық-түлік бағасын өсірмеу үшін 118 млрд теңге бөлген: оның пайдасы болды ма
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Жаз басталысымен картоп, сәбіз, пияз сияқты өнімдердің бағасы шарықтап шыға келеді. Елдегі азық-түліктің 19 түріне бағаны тұрақтандырып отыру үшін әрбір облыста әкімдік жанынан баға тұрақтандыратын қорлар жұмыс істейді. Бұл қорларға жергілікті бюжеттен 118 млрд теңге қаражат қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен бөлінеді. Қазір жалпы алғанда республика бойынша жергілікті бюжетте осы мақсатқа 118 млрд теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға 30,5 млрд теңге және «айналым схемасына» яғни, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге 88,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат елдегі азық-түлік инфляциясын ауыздықтауға жұмсалуы тиіс.

Үкіметтің қаулысына сәйкес 2012 жылы азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін 16 облысқа - 12 601 113 мың теңге сомасында республикалық бюджеттен қаржы бөлінген еді. Бұдан басқа, 2022 жылы жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарына 4 000 000 теңге  сомасында, сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджеттен қосымша Алматы облысының әкімдігіне 1 000 000 теңге сомасында өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға қаражат бөлінді. Бұл сома дүкен сөрелеріндегі барлық азық-түлік түрлерін емес, халық жиі тұтынады-ау деген 19 тауар түрінінің бағасын бақылап отыруға ғана арналған.

Азық-түліктің 11 түрі ішкі нарықты 100% қамтамасыз етіп отыр

Бізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 өнім кіреді. Атап айтқанда, бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны, рожки (өлшенетін), өңдеуден өткен, күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, тұздалмаған сары май, сиыр еті (кеуде бөлігі), тауық еті (оған іргелес целлюлозасы бар жамбас және жіліншік сүйегі), пастерленген сүт 2,5%, айран 2,5%, сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, түйіршіктелген қант, жұмыртқа және тұз.

Бұл өнімдердің бағасын шамадан тыс қымбаттатпау үшін бағаны тұрақтандыру қорлары ірі сауда желілерімен келісімшарқа отырған. Мемлекет тарапынан атаған сауда орталықтарына 0,01 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Бұл ретте, бюджет қаражатының 70% ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталса, 30%-ы сауда объектілеріне жіберіледі екен. Тиімді пайызбен қарыз алған сауда желілері нарықта бағаны ұстап тұруға және тапшылық туындаған жағдайда қорлардағы өнімді сатылымға шығаруға міндетті.

Осы ретте, өнімнің барлығы өзімізде шығатын болса, тапшылық неден туындайды деген сауалдың туындауы заңдылық. Бірақ азық-түлік импорты мәселесі біздің елде де бар. Республика бойынша 29 азық-түлік тауарының 23-і бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету көрсеткіші 80%-ды құрайды. Бұл санатқа сүт, қызанақ, қияр, сәбіз, қырыққабат, пияз, бұрыш, қызылша, жылқы еті, сүт өнімдері, май еніп отыр. Сонымен қатар, 11 тауар түрі бойынша атап айтқанда нан, макарон, картоп, күріш, қой еті, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, қарақұмық жармасы, тұз, күнбағыс майы, сиыр еті сияқты азық-түліктер толықтай 100% ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Ал құс еті (67%), шұжық өнімдері (61,1%), ірімшік пен сүзбе (55%), қант (50,3%), балық (74,5%) сияқты өнімдердің біраз бөлігін сырттан алып отырмыз. Мысалы, былтыр Қазақстанда 43,8 мың тонна ірімшік пен сүзбе өндірілді. Бұған қоса, 32,2 мың тонна ірімшікті өзге мемлекеттен сатып алдық. 2023 жылы өзі ішімізде 328 мың тонна құс етін өндірсек, 132,8 мың тонна құс етін өзге елдерден алдық.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шілде айындағы көрсеткішке сәйкес республика бойынша 709,4 мың тонна көлемінде азық-түлік қоры бар, оның ішінде тұрақтандыру қорларында – 56,1 мың тонна, сауда желілерінде – 276 мың тонна, қоймаларда – 108,4 мың тонна, өндірушілердің кәсіпорындарында – 268 мың тонна азық-түлік сақтаулы тұр.

Респбулика бойынша азық-түлік қорлары әр өңірде әртүрлі. Мысалы, Алматы облысында – 89,8 мың тонна өнім болса, Абай облысында – 8,5 мың тонна ғана қор бар екен. Сол сияқты Ақтөбе облысында – 71,3 мың тонна болса, Солтүстік Қазақстан облысында – 8,4 мың тонна, Ақтөбе облысында – 71,3 мың тонна, Атырау облысында – 3,9 мың тонна азық-түлік қоры бар.

«Бұндай қаржыландырудың отандық тауар өндiрушi үшін пайдасы – алдын ала төлемнің арқасында өнімді өндіруді, сақтауды және жеткізуді ұйымдастыруға қаражаты болады, сонымен қатар өнімді өткізуге кепілдік алады. Ал тұрақтандыру қорлары үшін пайдасы – өнім нарықтық бағадан төмен болады», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында.

Басқаша айтқанда форвардтық сатып алу механизмі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын нарыққа нарықтық бағадан төмен бағамен жеткізу арқылы бағаны ұстап тұруды көздейді.

Тауар дефицит болған кезде баға қымбаттайды

Үкімет халық жиі тұтынатын 19 тауар түріне бағаның шекті межесін белгілеу арқылы халық арасында дүрбелең туғызбаудың қамын жасап отыр. Бірақ нарық заңдылығына сәйкес баға тауардың өзіндік құнына қарай белгіленеді. Бұл ретте азық-түлік қорларды 19 тауардың бағасын былтырғы жылғыдай етіп сатқызуға дәрменсіз. «Astana» ӘКК АҚ Азық-түлік департаменті директорының орынбасары Аңсар Амангелдиновтың айтуынша, негізі тауар бағасы өзіндік құнына байланысты болады.

«Мысалы, картоптың өзіндік құны осы биыл қымбат болса, сол маусымда сәйкесінше баға қымбат болады. Қордан қаражат алып отырған кәсіпкерлер өнімді бекітілген шекті бағадан ары өсірмейді. Ондай жағдайда айыппұл төлеуге міндетті. Баға неге қымбаттайды? Біріншіден, нарықта дефицит туындауы және сұраныстың шамадан тыс артуы әсер етеді», - дейді ол.

Картоп демекші, Қазақстан бойынша картоптың бағасы алты апта қатарынан жоғары қарқынмен өсіп келеді. Өткен айда баға 18 пайызға қымбаттады. Бұл көрсеткіш алдағы айлармен салыстырғанда 2 есе өскен екен. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, бағаның өсуі маусымдық кезеңмен байланысты болуы мүмкін. Кредиттік бюроның мәліметі бойынша, Жезқазғанда картоп бағасы 19,9%, Астанада – 11,3%-ға өскен.  Елде картоппен бірге пияз – 28,3%, қызылша – 15,5%, сәбіз – 7% қымбаттап жатыр.

Бағаны өсірмес үшін азық-түлік  келісімшарт корпорациялары кәсіпкерлерге несие береді. Несие алған кәсіпкерлер кейбір тауар түрлерін қоймаларында сақтап отырады. Айта кетерлігі, жеңілдетілген несие 0,01 пайызбен 1 жылға беріледі.

Аңсар Амангелдиновтың айтуынша, егер кәсіпкер келісімшарттағы талаптарды толықтай орындайтын болса, алдағы уақыт қормен бірлесіп жұмыс істей береді.

«Астана қаласы бойынша 2020 жылдан осы уақытқа дейін кәсіпкерлерге 24 миллиардтан астам теңгеге 48 несие берілді. Биыл 5 млрд-тан астам сомаға 22 мың тонна болатын азық-түлік өніміне жеңілдетілген несие беріп отырмыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары несие алған кәсіпкерлердің өздерінің қоймаларында сақталады. Олардың барлығына апта сайын тексеріс жүргізіледі. Оның ішінде тез бұзылатын өнімдерді дұрыс сақтау үшін қоймаларға белгілі бір критерилер қойылған. Олар соны сақтауға міндетті. Мысалы, картоп бұзылып кетпеу үшін оны 0-5 градус температурада сақтау керек. Бізден несие алған кәсіпкер өз тауарының тұтынушыға бұзылмай жетуіне жауапты. Қоймада сақталған өнім қаладағы сату орындарына жеткізіледі», - дейді «Astana» ӘКК АҚ Азық-түлік департаменті директорының орынбасары.

Бүгінде «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірге жұмыс істейтін ірі сауда орталықтарының қатарында Астықжан дүкендері, Азат сауда үйі, Шапағат коммуналдық базары, жаңадан ашылған Көктал сауда орталығы, Астаналық базар, Magnum және Small дүкендер желілері, Анвар сияқты ірі сауда желілері бар.

Тұрақтандыру қорлары тиімді ме?

Жақында Маңғыстау облысының бюджет қаражатына қатысты жүргізілген мемлекеттік аудит барысында өңірдегі азық-түлік тапшылығын көрші мемлекеттерден өнім сатып алу арқылы шешкені анықталған. Бұл жағдай өңірдегі бағаны тұрақтандыру емес керісінше, азық-түлік бағасының қымбаттауына алып келді. Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік коропорация кәсіпкерге 0,1% мөлшерлеме бойынша несие береді. Бұл қаражатқа сатып алынған кейбір өнім 51%-ға дейін жоғары бағамен сатылған. Сонда мемлекеттен ақша алып, оның үстінен 50 есе пайда көрген. Осындай жағдайлардан кейін әлеуметтік-кәсіпкерлік коропорациялардың жұмысына күмәнмен қарайтынымыз түсінікті.

Осындай оқиғалардан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлікпен айналысатын кәсіпкерлерге несие беру шартына өзгерістер енгізіпті. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды сату, оларды белгіленген бағамен толық көлемде сату кестесін қалыптастыру, сондай-ақ сату фактісін растайтын құжаттарды ұсыну сияқты міндет жүктеп отыр.

Бірақ, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, талап күйшейгенмен тұрақтандыру қорлары агроөнеркәсіп нарығына  реттеуші ықпал ете алмайды. Пандемия кезінде жаппай құрылған тұрақтандыру қорлары бастапқыда әлеуметтік маңызы бар тауарларды қолжетімді бағада сатылуына ықпал етті. Бірақ кейін бұл ұйымның ісі сиырқұйымшақтанып кетті.

«Ірі сауда желілердімен келісімшарт жасалып, тауарлардың кейбір түрлері төмен бағада сатыла бастады. Бұл сауда алаңдары үшін тиімді болды. Олар өнімді төмен бағада сатып, шығынға ұшырамас үшін тұрақтандыру қорлары қаражат бөлді. Сол тұста мұндай қорлардың расымен пайдасы тиді. Бірақ кейін бұндай қорлардың саны көбейе бастады. Сәйкесінше, мемлекеттен бөлінетін қаражат көлемі де екі есе артты. Осы тұста әртүрлі схемалар пайда болды. Нәтижесінде мұндай қорлардың бағаны тұрақтандыруға ешқандай ықпалы да болмады. Керісінше, азық-түлік бағасы одан сайын шарықтап шыға келді. Дәл қазір азық-түлік қорларының ешқандай пайдасы жоқ»,- дейді экономист.

Оның айтуынша, мемлекет тұтынушы мен фермерлерді байланыстырушы көпір болуы керек. Делдалсыз екі тарапқа тиімді болатын алың ұйымдастыруды қолға алу керек. Мысалы, жерменкелер ұйымдасыру деген сияқты тетіктерді қарасытыруға болады.

The Economist журналы әкімдік жанынан құрылған азық-түлік  келісімшарт корпорацияларының жұмысының тиімсіз болуының 7 себебін анықтайды. Соның ішінде тұрақтандыру қорын құру және пайдалану ережесіне сай, қорға бөлінген артық қаражат екінші деңгейлі банктерде сақтаулы тұрғанын айтыпты. Екінші мәселе, қорға қатысты барлық шешімдер әкімдік жанындағы құрылған арнайы комиссияда қаралады. Облыс әкімі комиссияны құрып, оның мүшелерін бекітеді өзі бекітеді. Комиссияның төрағасы – облыс әкімінің орынбасары. Соңғы шешімді әкім қабылдайды. Көбіне комиссия отырысына азық-түлік жеткізуші жеке адамдар немесе азық-түлік таратумен айналысатын сауда нүктелерінің иесі қатысады. Алайда, комиссияның құрамында Фермерлер одағы, кәсіпкерлер ассоциациясы сияқты ұйымдардың өкілдері жоқ. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің көтерме саудадағы шекті бағасын белгілеудің сақталған-сақталмағанына бақылау жасайтын мемлекеттік орган – әкімдіктер, яғни жергілікті атқарушы орган. Өңірлерде бұл мәселе сауда нүктелерімен меморандумға қол қоюмен, әкімдердің базарға баруымен ғана шектеледі. Яғни, несиені кімге беру керегін шешетіндер де, оларды тексеріп отыратын да әкімдік.

Жанат Ерболған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.