$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Болашақ» осы уақытқа дейін екі адамды ғана сот-медициналық сараптама мамандығы бойынша оқытқан

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша 2 сот-медициналық сарапшы тағлымдамаға жіберілген 

«Болашақ» осы уақытқа дейін екі адамды ғана сот-медициналық сараптама мамандығы бойынша оқытқан
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы іске қосылғалы бері сот-медициналық сарапшы мамандығы бойынша 2019 жылы «тағылымдама» бағдарламасы бойынша King's College London (Ұлыбритания) екі ғылыми қызметкер тағылымдамадан өтті. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ редакция сауалына осылай жауап берді.

Azattyq Rýhy білікті сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаровтың «Болашақ бағдарламасы» жайындағы сынынан кейін орталыққа ресми сауал жолдаған болатын. Маман мықты сот-медициналық сарапшыларды дайындау үшін Еуропа пен АҚШ асырудың еш пайдасы жоғын айтқан.

«Кеңес одағы кезінде Украина, Ресей, Беларуста сот-медициналық сарапшыларды дайындайтын мектеп болатын. Жасыратыны жоқ, база сол жақтарда орналасты. Бұл елдерде ғалымдар, медицина докторлары, кандидаттар жиналған 4-5 өте беделді орталық бар. Жастар сол жаққа барып 4-5 ай оқып, біліктілігін арттырып, дайын маман болып келетін. Ал бізде не бар? Бізде ештеңе жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін Еуропа, Америкаға «Болашақ» бағдарламасымен жібере бастады. Сол кезде қарсы болдым, Еуропа мен АҚШ-тың тергеу, сот жүйесінің жұмыс принциптері бізге сәйкес келмейтінін айттым. Бірақ жауаптылар құлақ асқан жоқ. Батыстан тәжірибе алу үшін, біз өзіміз солар сияқты болуымыз керек. Енді «нәтижесін» көріп отырмыз. Жақын-жуық елдерде сарапшыларды дайындамаған соң, бізде бір ғалым жоқ. Саладағы жалғыз түйір ғалым кісі зейнетке шығып кетті, ол практикаға онша араласпайды. Болашақпен оқып келгендер жарамайды», - деген еді Тахир Халимназаров.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» хабарлауынша, сот-медициналық сарапшы мамандығы бойынша Ресей Федерациясына білім алуға адам жіберілмеген.

«Қазіргі таңда аталған екі түлек шарттық міндеттемелерін орындау барысында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығында қызмет атқарады. Медициналық сараптамасы мамандығы бойынша тағылымдамадан өткен түлекке шамамен 25 млн. теңге (оқу ақысы, стипендия, әуе көлігі мен жол жүру шығындары, және т.б.) жұмсалған», - делінген хабарламада.

«Болашақ» халықаралық стипендиясының бағдарламасы кадрлар тапшылығы бар, ел экономикасының салалары үшін мамандарды нақты даярлауға бағытталған. Оның тізбесі орталық және жергілікті атқарушы органдар ұсынатын өтінімдер негізінде қалыптасады.

«Мысалы, 2024 жылға арналған Тізбеде екі негізгі бөлім қарастырылған:

1. Жаратылыстану-техникалық блок;

2. Қоғамдық-гуманитарлық блок.

Жаратылыстану-техникалық блок «Инженерлік-техникалық мамандықтар», «Жаратылыстану ғылымдары» және «Медицина» мамандық бағыттарын құрайды. Қоғамдық-гуманитарлық блок «Әлеуметтік ғылымдар», «Білім беру» және «Креативті индустрия» мамандық бағыттарын қамтиды. Бұл тізбе «Болашақ» бағдарламасын жаратылыстану-техникалық блок мамандығына стипендиялардың 60%-ы және қоғамдық-гуманитарлық блок мамандығына 40%-ы арақатынасы нысанында басым инженерлік-техникалық және медициналық бағыттар бойынша мамандар даярлауға бағыттауға мүмкіндік береді», - делінген жауапта.

«Болашақ» стипендиясы бойынша 12 544 адам шетелде білім алған. Соның ішінде, 9 955 түлек келісімшарттық міндеттемелерін орындап қойса, 2 589-ы жұмыс істеп жүр. 

Серіктес жаңалықтары