«Бұл әділетсіз»: Ақсу қант зауытының 70% табысын иелері бөліп алады

Azattyq Rýhy

Қазір табыстың 70% зауыт иелері алса, қожалықтарға 30%-ы ғана беріліп отыр

«Бұл әділетсіз»: Ақсу қант зауытының 70% табысын иелері бөліп алады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстандағы бөлінген қаражатты артығымен игеріп, өнімді аз алып отырған сала – қант өндірісі. Соңғы жылдары бұл салаға субсидия көп бөлінгенімен өндіріс көлемі төмендеген. Еліміздегі қант шығаратын зауыттар 2020 жылы ішкі сұранысты 9%, 2021 жылы – 7%, ал 2022 жылы - 6% ғана қамтамасыз ете алған. Ал қанттың 60%-ға жуығы импорттың үлесінде. Қазақстан үкіметі жазда тағы Ресейден қант алуды жоспарлап отыр. Осы ретте, біздің нарықта көрші елдің қанты арзан, ал өзімізде шыққан қант бағасы неліктен қымбат екенін Azattyq Rýhy анықтап көрді.

БІЗДЕГІ ҚАНТ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТТАР МОНОПОЛИЯЛАНЫП КЕТКЕН

Биыл елдегі халық тұтынатын және өндіріске керек қант көлемі 550 мың тонна. Қазір елдегі қанттың қоры 252,5 мың тонна болса, оның ішінде тұрақтандыру қорларында - 13,9 мың тонна, сауда нысандарында - 216 мың тонна, қоймаларда - 9,3 мың тонна, кәсіпорындарда - 13 мың тонна қант бар. Бұл бізге 5 айға жететін қор ғана. Қалған қажетті көлемді оның ішінде 100 мың тоннаны көрші елден алуды жоспарлап отырмыз. Былтыр қант импорты 303 мың тонна болды. Оның 288 мың тоннасын Ресейден, 7,8 мың тоннасын Беларусьядан алдық. Статистика деректеріне сәйкес биылғы 4 айда Қазақстан 135 мың тонна қант импорттады, оның ішінде 122,7 мың тоннасы Ресейден, 12,7 мың тоннасы Беларусь Республикасынан екен. Жыл аяғына дейін елімізге қосымша 150 мың тонна көлемінде қант жеткізіледі. Біздегі қант нарығындағы Ресейдің үлесі 95% екен. Көрші елден 14,5 мың долларға 5 мың тонна қант сатып алыныпты. Осы уақытта елдегі қант саласын дамыту үшін Үкімет жалпы бюджеті 495 млрд теңге болатын кешенді жоспар қабылдады. Бұған қоса, өткен жылы бұл салаға 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия берілген. Биыл 14,1 млрд теңге тағы бөлініп отыр. Алайда бөлінген қомақты қаражатқа, тұрақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, бұл сала дамудың орнына кері құлдырап жатыр.

Қазақстан фермерлер қауымдастығы филиалының төрағасы Асқар Шәріповтың айтуынша, елдегі өндірістің нәтиже бермей отырғанына қант зауыттарының монополияланып кетуі себеп болып отыр.  

«Қазақстанда қант шығаратын 8 зауыт болған еді. Соның жартысы жабылып қалды. Жұмыс істеп тұрғандарының жағдайы болса мәз емес. Жамбыл облысында орналасқан екі қант зауыты монополияланып кетті. Өйткені, олар акционерлік қоғам статусынан жекеменшік жауапкершілігі шектеулі серіктестікке өтіп кеткен. Алматы облысындағы Көксу қант зауыты 2016 жылдан бері жекеменшікке өтті. Мемлекеттен бөлінген қаражат есебінен аталған зауытқа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бірақ одан кейін зауыттың өнім қуаттылығы артты деп айта алмаймыз. Себебі, өнім шығару  деңгейі 12 пайыздан аспады», - дейді А. Шәріпов.

Оның айтуынша, Алматы облысындағы екінші Ақсу қант зауыты ондаған жылдан бері тоқырап қалған еді. Қазір оның 49 пайызы үкіметтің үлесінде болса, қалғаны жекеменшікке тиесілі. Бірақ бұл зауыттың да өнім шығару деңгейі төмен.

«Көрсеткіштің төмен болу себебі, Ақсу зауытында газ жоқ, бұған қоса мазутпен жұмыс істеп тұр. Мазут газбен салыстырғанда 3-4 есе қымбатқа шығады. Яғни, зауыттың шығыны көп. Соның салдарынан зауыттың қан шығару көлемі бар болғаны 7 пайыз ғана болып отыр. Бұл көрсеткішке қарамастан үкімет 12 млрд инвестиция салды. Бірақ қыруар қаражат бөлінсе де, зауыт өзін өзі ақтамай отыр. Егер Ақсуға газ келіп, темір жол бағыты қатынайтын болса, болашақта зауыттың қуаттылығы 450 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Былтырғы игерілген көлем бар болғаны - 90 мың тонна ғана», - дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығы филиалының төрағасы.

Белгілі болғандай, бұған дейін Ақсу зауыты жөндеуден өту үшін мемлекеттен ақша алған. Бірақ модернизациядан өткен зауыт қант шығару көлемін арттыра алмаған.

Жетісу облысы Ақсу ауданы «Квитко» ШҚ басшысы Квитко Александрдың айтуынша, қант өнімдерін сатудан түскен негізгі пайданы шаруалар емес, зауыт иелері көріп отыр. Қазір табыстың 70% зауыт иелері алса, қожалықтарға 30%-ы ғана беріліп отыр.

«Бұрын акционерлік қоғам болған кезде акционерлерге дивидент ретінде белгілі бір үлес берілетін еді. Қазір ондай жағдай жоқ. Ауыл шаруашылығы саласындағы құзырлы органдар фермерлерге субсидияның көбірек беріліп отырғанын алға тартады. Бұған дейін шаруалар 15 тың теңгенің көлемінде алса, қазір 25 мың теңге беріліп отыр. Мемлекеттен беріліп отырған бұл қаражат фермерлерге кеткен шығынын жабу үшін керек», - дейді шаруа қожалығының иесі.  

Осы ретте, құзырлы органдар мен зауыт иелері шаруашылықты дамыту үшін фермерлерге де пайда қалу керек екенін ескермейді.

«Жалпы алғанда қант өндірісінде шығынның 60 пайызы шаруаларға, 30 пайызы зауытқа, 10 пайызы қосымша ілеспе қызмет атқарып жүрген жұмысшыларға бөлінуі тиіс еді. Өйткені олар қант қызылшасын өңдеп, өндіру үшін 5-6 ай еңбек етеді. Ал зауыттың жұмысы 20 күнге ғана созылады. Яғни, зауыттағылар аз шығынмен үлкен пайда тауып отыр. Қасымыздағы көрші елдерде қант зауыттары акционерлік қоғам ретінде басқарылады. Онда фермерлер мен зауыт басшылары бірге жұмыс істейді. Ал бізде бір-екі адамның мүддесі үшін қаншама фермердің аянбай еңбек етуі әділетсіз», - дейді А. Шәріпов.

Оның айтуынша, фермерлер қауымдастығы қант өндірісінің проблемасын Ауыл шаруашылығы министрлігі мен үкіметке талай рет айтқанымен, одан ешқандай нәтиже болмапты.  Қарапайым шаруалардың адал еңбегі лайықты бағаланбай, монополия бой алдырған санаулы топ қант өндірісінің қызығын көріп отыр.

РЕСЕЙДЕН ҚАНТ АЛМАСАҚ, ЕЛДЕ ТАПШЫЛЫҚ ТУЫНДАЙДЫ 

Сенат депутаты Зәкіржан Кузиевтың айтуынша, Қазақстан Ресейден қант сатып алмайтын болса, ішкі нарықта тапшылық пайда болады.

«Қазақстан бір жылда 550 мың тонна қант тұтынады екен. Соның 65 пайызы тәтті өнімдер шығаратын өндіріс орындарына тиесілі. Ал халық жеу үшін тұтынатын қант көлемі бар болғаны 120 мың тонна. Ал біздегі жұмыс істеп тұрған 4 қант зауыты бар болғаны 150 мың тонна ғана қант өндіріп отыр. Оның 85 пайызы Бразилияға кететін шикізат. Біздегі өсетін қызылшадан бар болғаны 35 мың тонна ғана қант алып отырмыз»,- дейді Сенат депутаты.

Өндірістегі осындай проблемалардан кейін Ресейден қант сатып алмасақ, халық тұтынатын қант тапшы болуы мүмкін. Біздегі негізгі проблема қант шығару үшін шикізат жоқ.

«Жетісу облысында 9 мың гектар жерге қант қызылшасы егілген. Оған мемлекеттен қаншама субсидия берілді.  Бұл жерден 450 мың тонна қызылша шығады. Оның бар болғаны 10 пайызынан ғана қант шығады. Яғни, 30 мың тонна қант аламыз. Қалған қант Бразилиядан келетін қант қамысы арқылы өндіріледі.  Ал Қазақстандағы 4 зауытты жұмыс істеткізу үшін бізге 48 мың гектар жерге қызылша егу керек болады. Бұған жету үшін техникаға және шаруаларға тағы да миллиондап қаражат бөлуге тура келеді. Бұған қоса, егін егуге 48 мың гектар жерді табу қиын. Сондықтан шығыны аз, бірақ өнімділігі жоғары болатын қызылшаға балама нұсқа табу керек болады», - дейді Зәкіржан Кузиев.

Оның айтуынша, бізде Жаркент қаласында жүгеріден сироп шығаратын зауыт бар. Жүгері арқылы бізге керек 120  мың тонна қантты алуға болады екен.

«Қазір Түркістанда жүгеріден сироп шығаратын екінші зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Оның үсітіне қазір Қазақстанда жүгері көп. Оны игере алмай жатырмыз. Салыстырмалы түрде айта кетейін, бір тонна қызылшадан өндіріс кезінде бар болғаны 10 пайыз ғана  қант шығады. Бұл дегеніміз екі мөшек қант қана. Ал бір тонна жүгеріден 75 пайыз қант алуға болады», - дейді депутат.  

Осыдан 3 жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев болған кезде 2024 жылға қарай ішкі нарықты қантпен қамту үлесі 80 пайызға жетеді деп уәде берген еді. 80 пайыз тұрмақ, 10 пайызға да жете алмай отырмыз. Соның салдарынан биыл наурыз айында қант бағасы 3 пайызға, ал сәуірде 3,7 пайызға қымбаттаған. Бұған қоса, биыл қаңтар – сәуір айларында отандық қант зауыттары 7,8 мың тонна қант өндірсе, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,1 есе аз болып отыр. Яғни, өндірістің аз болуына байланысты жаз маусымында қант бағасы әлі де қымбаттай береді деген сөз.

 Жанат Ерболған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.