$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қосшыда бірқатар әлеуметтік нысандар салынып жатыр

Қалада құны 8,5 млрд теңге болатын орталық салынып жатыр 

Қосшыда бірқатар әлеуметтік нысандар салынып жатыр
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов Қосшы қаласына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, жұмыс барлысымен танысты, деп хабарлайды Аzattyq rýhy.

Ол қалада салынып жатқан қоғамдық, мәдени-спорттық орталықтың құрылысымен танысып, инфрақұрылым тұрғысынан жасалуы тиіс жұмыстар туралы тапсырма берді.

Жаңа  ғимаратта қала мәдениетін, спортын, жалпы қоғамды дамытуға барлық жағдай жасалады. Орталық қосшылықтардың игілігіне келер жылы беріледі.

Айта кетейік, аталған орталықтың ауданы 7,7 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның құны 8,5 млрд теңге. Орталықтың жобасы ең озық халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған.  Мұндай қоғамдық мәдени-спорт орталықтары, әсіресе Еуропа елдерінде кең таралған. Сондай-ақ шығармашылық және спорттық үйірмелерді, ересектер мен балаларға арналған демалыс орталықтарын ұйымдастыруға,  концерттер, кітап жәрмеңкелері мен өнер көрмелерін өткізуге арналған алаң ретінде қызмет етеді.

Аталған кешен Қазақстанда осы үлгідегі алғашқы  орталық болмақ.  Нысан үш негізгі аймақтан – білім беру, мәдени және спорттық аймақтардан тұрады деген жоспар бар. Білім беру блогына робототехника, кескіндеме, тігін және қыш жасау студиялары, шахмат, информатика мен математиканы үйрететін сыныптар, балаларға арналған егіншілік сабақтары үшін қысқы бақ, ерте даму орталығы және мектепке дейінгі білім беру кеңістігі кіреді.

Мәдени блок ұлттық және классикалық музыкалық аспаптар үйірмелерінен, кітапхана, сондай-ақ көрме және дәріс залдарынан тұрады. Онда спорт әуесқойлары үшін футбол, волейбол және баскетболға арналған әмбебап зал, көшедегі спорт алаңы, хореографиялық зал және душ бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған.

Сонымен қатар орталықтың аумағында кинотеатр, террасаға шығатын асхана және коворкинг-аймақтар ашылады.

Бұдан бөлек Қосшыда жаңа көпсалалы аурухана салынады. Жуырда ғана Ақмола облысының әкімдігі мен «Viamedis» компаниясы арасында Қосшы қаласында 1000 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысын салу туралы меморандумға қол қойылды.

«Viamedis» ЖШС-тің басшысы Әсет Ахметовтың айтуынша, емханасы бар жаңа көпсалалы облыстық аурухана Қосшы қаласы мен оған жақын 6 аудан тұрғындарына барлық қажетті медициналық көмек көрсетеді. Онда ата-аналар бөлімі, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге арналған патология және онкологиялық көмектің толық кешені болады. Кадрларды тарту үшін 96 пәтерлі үй мен пансионат салу жоспарлануда.

Сонымен қатар Ернар Жаркешов «Alan» дене шынықтыру сауықтыру кешенін де болды. «Alan» Қосшы қаласында тұңғыш мемлекеттік спорт нысаны.

Кешен заманауи спорттық жабдықтармен және барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда ересектер мен балаларға арналған бассейндер, спорт залы, күрес және ойын залы бар.

Спорт кешенінің сыртқы аумағы толықтай абаттандырылған. Кешен айналасында түрлі жаттығу тренажерлары орнатылған. Спорттық кешен күніне 300 адамды қабылдай алады. Спорт кешенінде Олимпиада тізіміне енгізілген спорттың 10 түрінен секциялар жұмыс істеп тұр.

Жалпы Қосшы қаласында бұрыннан қордаланып келе жатқан үш ауысымдық мектеп проблемасы толық жойылған. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 1200 орындық тағы бір мектеп пайдалануға берілмек. Бұдан басқа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қосшы қаласында 2 мектеп және Тайтөбе ауылында 1200 орындық мектеп салу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек Қосшы қаласында халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарға арналған 120 пәтерді сатып алынбақ. Алғашқы 20 пәтерде қоныс тойы жақын арада тойланады. Пәтерлер таза әрленген күйінде, іші газ плиталарымен жабдықталатын болады.
Қаладағы 120 пәтерді сатып алуға бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Құрылыс #Қосшы