Қазақстанда бір жылдың ішінде жолаушылар пойызы 412 сағатқа кешіккен
Әлихан Смайыловтың айтуынша, бүгінде «ҚТЖ» компаниясы күнін әрең көріп отыр
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов теміржол саласына жүргізілген аудит нәтижелерін жариялады. Анықталғандай, өткен жылы жолаушылар пойыздарының кешігуі бес есе өсіп, 412 сағатқа жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Смайыловтың ақпаратынша, соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет есебінен 332 млрд теңге жұмсалған.
«Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл жүктер мен жолаушыларды үздіксіз және сапалы тасымалдау үшін жеткіліксіз болып шықты. Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған. 2020-2023 жылдары магистральдық, стационарлық және кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін 4 мыңнан астам бұзу фактісі тіркелді. Тек 2023 жылдың өзінде жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағатты құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен», - деп мәлімдеді Смайылов мәжілістің жалпы отырысында.
ЖАП төрағасының айтуынша, қазір ҚТЖ күнін әрең көріп отыр. Себебі табысы жоғары қызметтердің барлығын жекеменшік компаниялар алып алған.
«Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көріп отыр. Барлық табысы жоғары қызмет жекеменшік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген», - дейді ол.
Мәселен, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізу жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтиже бермеді және ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соғып отыр. Жеке жүк тасымалдаушылар мұнай және мұнай өнімдері сияқты пайдасы көп тасымалдарды, сондай-ақ электрлендірілген учаскелерде пойыздың құрамын толық толтыратын маршруттарды иеленген.