Ақтөбеде жылқы шаруашылығы институты құрылатын болды

Автор: Azattyq Rýhy

Институт өңірдегі ауыл шаруашылығы стансасының базасында ашылатыны белгілі болды

Фото: primeminister.kz

Вице-премьер Серік Жұманғарин  жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып, қарызға батқан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасын аралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Ақтөбе облысының аграрийлері үшін дәнді, жарма, майлы және жемшөп дақылдарының элиталық және бірегей тұқымдарын өндіруге рұқсаты бар аймақтағы жалғыз аграрлық бейіндегі ғылыми-зерттеу мекемесі қиын жағдайға тап болып, қарыздық міндеттеме арқалап отыр.

«Осыған байланысты ғылыми әзірлемелерді одан әрі дамыту, қаржыландыру және коммерцияландыру мүмкін емес. Жақын арада кәсіпорынды қалпына келтіру үшін оның базасында жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институты құрылады», - деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда республикада жылқының 14 тұқымы кездеседі. Ең көп таралғандары – Жабы, Мұғалжар және Көшім жылқысы секілді қазақы тұқым. Олар елдің әртүрлі аймақтарында сәтті өсіріліп жатыр.