WTI антирекорды: тіршілік қалпына келмесе Қазақстан экономикасының оңалуы қиынға соғады

Автор: Azattyq Rýhy

Мұнай бағасы құлдырап барады

WTI маркалы мұнай бағасы 21 сәуірде 160 пайызға өсті. Осы сәтте мамырдағы фьючерстік келісімшарттар үшін WTI маркалы мұнайдың беррелі  2,21 доллардан сатылып жатыр. Кешегі түні АҚШ үшін абсолютті антирекорд орнағанда ақпарат кеңістігінде басталған дүрбелең  бүгін саябырсыған. 

WTI  мұнайы 1986 жылдан кейін алғаш рет берреліне 10,34 долларға құлдырады. Сөйтіп мамырдағы фьючерстік келісімшарт бойынша баға  40%-ға арзандаған. Ал Brent маркалы мұнай 26,4 АҚШ долларына дейін түскен.

БИРЖАДАҒЫ САУДА ТОҚТАҒАН ЖОҚ

«Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігі тілшісі дәл осы жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді деген сауалды отандық сарапшыларға қойып көрді. Экономист Жарас Ахметов Техас мұнайының айналасындағы дүрбелеңнің Қазақстанға тікелей әсер ететін тетіктері жоқ деп есептейді. Ол WTI фючерстік контарктілеріне байланысты болған жағдай  биржа ойыншыларының ермегінен туған эксперимент дегенге сенеді.

«Мен мұнай нарығындағы бір халықаралық сарапшының пікірін оқыдым. Ол айтады: «Бұл Чикаго биржасында жасалған эксперименттің салдарынан болған жағдай. Яғни мұнай бағасы ең төменгі деңгейге түскен кезде де биржадағы сауданы тоқтатпауға болар ма екен деген сынақ жасалған»  Демек,  бұл - мұнай нарығында айтарлықтай рөл ойнамайтын бір жасанды құбылыс.  Бұл тек ақпараттық тұрғыдан елге  әсер еткен сияқты.  Ал экономикаға айтарлықтай кері әсері жоқ деген әлгі сарапшының пікіріне қосыламын» - дейді, Ж. Ахметов.

Жалпы мұнай бағасының төмендеуі деген тренд елімізге бір жарым ай бұрын келді.  Бюджеттің бүйірін шығарып отырған экспорттық-кедендік баж салығы мұнай үшін  25 АҚШ долларына дейін бейімделді. Жуырда Үкімет бюджет түсімдерін сәуір-желтоқсан айларының арасына 20 АҚШ долларына икемдеп қайта деп бекіткен.

«Мұнай өндірушілердің барлығы шығынға жұмыс істеп жатыр. Бұл әдеттегідей бюджетке валюталық түсімдердің көлемін төмендетеді. Бұл теңгені әлсіретеді, ал импортты сөз жоқ қымбаттатады. Қазақстан Үкіметі жыл соңына дейін бюджетке мұнайдың бағасын 20 АҚШ долларымен есептеп салып отыр. Бұл қазына үшін өте төмен, қалған шығынды әрине ұлттық қордан жабатын болады.  Мәселе мұнда басқада, мұнай арзан болған сайын елге келетін доллардың да көлемі қысқара түседі.  Бұл импортқа тәуелді кәсіпорындар үшін де дағдарыс әкеледі. Айналып келгенде инфляцияны арттырып, қарапайым адамдардың тұрмысына тек кері әсері болады»,- дейді экономист.

Оқи отырыңыз:  Антирекорд: WTI маркалы мұнай бағасы нөлге түсті

ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ

Мұнай өнеркәсібінің ардагері, «Маңғыстаумұнайгаз» кәсіпорнын ұзақ жыл басқарған Меңдеш Салихов Қазақстанға мұнай нарығындағы кез-келген жаңалық әсер ететінін айтады. Республика бюджеті түсімдерінің 60 пайызы энергоресурстарға тәуелді болып отырғанда, WTI маркалы мұнай бағасының құлдырауы жанама болса да әсерін тигізді.

«Қазақстан   өткен жылы өндіріс көлемін 90 млн баррелге жеткізді. Ескеретін жайт: мұнайдан пайда көрмей-ақ, өзіндік құнын өтеп отыратындай халде болу үшін, оның құны 40 АҚШ долларынан кем болмауы керек делінді.  Дәл осы күні баға 25 АҚШ долларының айналасында. Ендеше шығынды есептеу қиын емес.  Ең бірінші өндіріс жұмысшысына жалақы төлей алмай қалды.  Салық та төленбей жатыр. Ал мұнай өндірушілерге қызмет көрсететін компаниялардың  жұмысы тоқтады»,- дейді мұнайшы.

Мұнай маманы  пандемияға байланысты өндірістің тоқтауы созыла берсе, Қазақстан үшін экономикалық тоқыраудың бұрын-соңды болмаған кезеңі басталатынын еске салды. Қазір мұнай өндірушілерден тыс мұнайды бұрғылау, сервистік қызметтер, барлау саласындағы компаниялар жабылып жатыр. Ал АҚШ-тағы WTI фючерстік контарктлеріне байланысты жағдай да осы COVID-19 дертінің әсерінен болды.

«Мұнай соңғы 1-1,5 айда арзан болып қалды. Осы кезде оны зауыттар, өндіріс,  өзге де мұнай шикізатымен байланысты кәсіпорындар еркін тұтынып отырды. Енді коронавируске байланысты олардың көбі жұмысын тоқтатты. Халық жұмысқа бармай қалды. Кәсіпорындар тоқтаған соң, өндіріс ошақтары мұнайды резервуарларға аузы-мұрны толғанша толтырып алды. Яғни қорды жинап қойды. Оларға бұл өте тиімді екенін ұмытпау керек. Енді мұнайды құятын, сақтайтын жерлері жоқ. Енді ешкім сұрамайды, сатылмаған соң, баррелдің бағасы да құлдырады, тіпті үстіне ақша қосып береміз деуінің де сыры осында»,-  дейді маман.

Бұл жағдай Қазақстанға да тән. Мұны шешудің бір жолы - өндірісті іске жеделдетіп қосу керек. Маман коронавирус деп отыра беретін болсақ, осы күнге дейін құрған экономиканы тұралатып, қайтадан сауықтыруға көп күш және қаражат кететінін ескертеді.

«Бір айдан келесі айға дейін өмір сүру үшін қаншама адам айлыққа тәуелді. Сол себепті «қорыққанға қос көрінер деп отыра бермей», өндірісті, кәсіпорындарды, әсіресе шағын бизнестің жұмыс істеуіне рұқсат беру керек. Кәрілер үйде отырсын, ал жастар жұмысқа шығу керек. Қарапайым мысал: өндіріс орындары ашылса, жанармай тұтыну көбейеді, демек, ол мұнайға сұранысты арттырады. Тиісінше шикізатқа да баға  көтеріледі. Ол ел қазынасына доллар әкеледі»,- деп ойын түйіндейді мұнай саласының ардагері.

Ал бүгін KASE қор биржасының күндізгі саудасында доллар тағы қымбаттады. Ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 430,5 теңге болып бекітілді. Ал ол таңғы судада 427,48 теңге болатын. Сөйтіп АҚШ ақшасы кеше түннен бері орташа есеппен 5 теңгеге қымбаттады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы