Балықшыларды қылмыстық қудалауды тоқтату керек – Ерлан Саиров

Мәжілісменнің айтуынша, балық зауыттарына қатысты қылмыстық істер негізсіз қозғалған

Балықшыларды қылмыстық қудалауды тоқтату керек – Ерлан Саиров
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT»  партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров бас прокурордан балық зауыттарын тексерудің заңдылығын анықтап, қылмыстық істерге тез арада құқықтық баға беруді талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Саиров Қаржы мониторингі агенттігінің Қазақстанның балық шаруашылығына шабуыл жасап жатқанын мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, 2023 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерінде балық өнімдерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған.

«Зауыттардың барлығы өнімді экспортқа шығарады. Яғни, бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады. Отандық балық өнеркәсібі саласы 1300-ге жуық балық шаруашылығы субъектісінен тұрады, осы салада және еншілес кәсіпорындарда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Балық өнеркәсібі саласы Қазақстанның дайын өнімді экспорттауға бағытталған бірден-бір экономикалық бағыты. Балықшылар өңделген балық өнімдерін ЕО, Қытай, ТМД, Таяу Шығыс елдеріне, 36 мемлекетке экспорттап отыр», - деді депутат.

Мәселен, өткен жылдары шет елге 30 мың тоннаға жуық балық өнімі экспортталған.

«Осынау еліміздің ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған экономика саласының кәсіпорындарына Қаржы мониторингі салық төлеуден жалтырды деген екіұдайы айыппен қылмыстық іс ашып қойған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған тоғыз зауыттың бүкіл бухгалтерия, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, зауыттар жұмысын тоқтатқан. Қаржы мониторингі агенттігінің әрекеттері еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отырған экономика саласының жұмысын толық тоқтатуға алып келуі әбден мүмкін», - деп алаңдады Саиров.

Яғни, мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі, еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысы төленбей, зауыттардың өздеріне өнімді уақытында жеткізбегені үшін шет елдерден айыппұл санкцияларының келу қаупі төніп тұр.

«Балықшыларды қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ, яғни мемлекетке экономикалық зиян күннен-күнге артуда! «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы ықтимал», - деп жорамалдады мәжілісмен.

«AMANAT» партиясының фракциясы Қазақстанның экспортын қалыптастыратын экономика саласын тұқыртпай, керісінше дамыту қажет деп есептейді.

Осыған байланысты депутаттар Бас прокуратурадан Қаржы мониторингі агенттігінің балық зауыттарын тексерудің заңдылығын анықтап, қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуді сұрады.

Сонымен қатар олар Қаржы мониторингі агенттігі ашқан қылмыстық істерге тез арада қажетті құқықтық баға беріп, қарастырылып отырған істерді заң аясында әділетті тоқтатуды қажет деп санайды.

«Бас прокуратура құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруін тоқтатуы тиіс», - деп мәлімдеді Саиров.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.