Енді декларация тапсыру оңай: Kaspi.kz мобильді қосымшасында жаңа сервис іске қосылды
2025 жылдан бастап Қазақстанның кәмелетке толған әрбір азаматы декларация тапсырады
Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау осыдан үш жыл бұрын басталған еді. Бірінші кезеңде декларацияны жауапты мемлекеттік қызметте отырғандар тапсырды. Біртіндеп мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер жүйеге қосылды. Ал келесі жылы кәмелетке толған әрбір қазақстандық жиған-терген дүниесін көрсетуге міндеттеледі. Azattyq Ruhy активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны оңай тапсырудың жолдарын зерделеді.
Бүгінде қазақстандықтарға ыңғайлы болу үшін декларацияны тапсырудың әртүрлі сервистері іске қосылған. Мысалы, салық органдарының e-Salyq Azamat, электронды үкіметтің eGov mobile және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары.
Мәселен, күнделікті қолданатын Kaspi.kz мобильді қосымшасында 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыруға арналған онлайн сервис жұмыс істеп тұр. Оның көмегімен Kaspi.kz-ге тіркелген әрбір азамат декларацияны оңай әрі жылдам тапсыра алады.
Жаңа функция мемлекеттік қызметтер деген бөлімнің ішіне қосылған. Ең алдымен телефон нөміріңіз бен тұрғылықты жеріңіз бойынша салық органын көрсетесіз. Содан кейін экранда қойылған сұрақтарға жауап беру арқылы декларацияны тапсырасыз. Мемлекеттік органдар сіз жолдаған декларацияны бір сағат ішінде қарап шығады.
«Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, декларация тапсыруды түсінікті, ыңғайлы әрі көп уақыт алмайтындай етуге тырыстық. Қазірдің өзінде жеке тұлғалар, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер Kaspi.kz және Kaspi Pay мобильді қосымшаларының көмегімен көлік салығын, мүлік салығын, табыс салығын, жер салығын, кедендік бажды, ҚҚС мен басқа да көптеген салықты төлеп отыр. Былтыр Kaspi.kz онлайн-сервистерінің көмегімен 1,2 трлн теңге, ал 2024 жылғы бірінші тоқсанда 400 млрд теңгеден астам салық төленді. 2023 жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда салық түсімдері 60%-ға артық»,- дейді Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.
Бұған қоса декларацияны салық төлеушінің жеке кабинеті, электронды үкімет порталы арқылы да тапсыру мүмкіндігі бар. Декларацияны электронды емес, қағаз түрінде тапсырғысы келетіндер Халыққа қызмет көрсету орталығына, мемлекеттік кірістер басқармасына немесе пошта бөлімшесіне жүгіне алады.
Биыл декларацияны кімдер тапсырады
Осы жылы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен олардың жұбайлары қосылды. Яғни 2024 жылы осы санатқа кіретіндер мүлкін көрсетеді. Ал келесі жылдан бастап Қазақстанның кәмелетке толған әрбір азаматы декларация тапсыруға тиіс болады.
ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру керектігін ескертті.
Айтуынша, 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны әрбір азамат өмірінде бір-ақ рет тапсырады. Осы форманы тапсырғаннан кейінгі келесі жылдан бастап азаматтар жыл сайын 270-ші нысанды, яғни табысы мен мүлкі туралы декларацияны тапсырып отырады.
«Дегенмен де кейбір азаматтар сайлауға түссе, банктің немесе сақтандыру нарығының ірі қатысушысы болса, қайтадан 250-нысан бойынша декларация тапсыруы мүмкін», - деп түсіндірді Сартаева.
Қазақстандықтар қандай мүлкін көрсетеді
Жеке тұлғалар 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша өз атында тіркелген мүлкін, активтері мен міндеттемелері туралы мәліметті жариялайды.
«Бұл мүліктің ішіне шетелдегі жылжымайтын мүлік пен көлік, шетелдік банктегі жалпы сомасы 7300 АҚШ долларынан асатын ақша, шетелдік компаниядағы қатысу үлесі, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, яғни биткоиндер, криптовалюта, одан бөлек тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге шегіндегі қолма-қол ақша, декларация тапсырғанға дейін нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен қарыз шаттары кіреді», - деп түсіндірді Сартаева.
Сондай-ақ жеке тұлға әрбірінің құны 3 млн 400 мың теңгеден асатын басқа да мүліктерін көрсете алады. Мұндай мүліктерге мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және тағы басқалары жатады.
«Оларды көрсету үшін тиісті бағалау жұмыстарын жүргізу керек. Бір данасының құны 3 млн 400 мың теңгеден асқан жағдайда, оны декларацияда көрсетуге болады», - деді мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі.
Сартаева 250-нысандағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда қандай мүлікті жазбауға болатынын да айтып берді.
«Егер Қазақстан аумағында пәтеріңіз, үйіңіз, жер учаскесі немесе автокөлігіңіз болса, оны декларацияда көрсетіп қажет емес. Сонымен қатар қазақстандық банктердегі депозитіңіз бен кредиттеріңіз, ипотекаңыз декларацияда көрсетілмейді. Тек шетелдік банктерде сақталған ақша туралы ақпарат ұсынылады. Себебі Қазақстанда тіркелген мүліктерге қатысты ақпарат мемлекеттік органдарда бар», - деді ол.
270-нысан бойынша декларацияда не толтырылады
Қазақстандықтар 250-нысанды алғаш рет тапсырғаннан кейін жыл сайын 270-нысан бойынша жеке тұлғаның табысы мен мүлкі туралы декларацияны тапсырады.
«Яғни 270-нысан бойынша декларация жыл сайын тапсырылатын декларацияның түрі болып есептеледі. Бұл декларацияда жеке тұлға бір жыл ішінде алған табысы, сатып алған не сатқан мүлкі, бір жылдағы қаржылық өзгерістері туралы мәліметті көрсетеді», - дейді Айнұр Сартаева.
Оның айтуынша, биылдан бастап 270-нысандағы декларацияны тапсыру жеңілдетілген. Енді оны толтыру барысында жалақы түрінде алған табысты көрсетудің қажеті жоқ.
«Мысалы бір жыл ішінде пәтер сатып алып, оны қымбатқа сатсаңыз, содан көрген пайданы 270-ші декларацияда көрсетесіз. Егер пәтерді жалға берумен айналыссаңыз, жыл аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде пәтерді жалға бергеннен осыншама табыс таптым деп көрсетіп, оның он пайызын табыс салығы ретінде бюджетке төлейсіз», - деді МКК ресми өкілі.
Декларация тапсырмағандар жазалана ма
Сартаеваның айтуынша, декларацияны уақытында тапсырмағаны үшін жеке тұлғаға алғашында ескерту жасалады. Егер ескертуден кейін де декларация тапсырудан бас тартса, яғни заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, оған 15 АЕК айыппұл салынады.