Ұлттық банк базалық ставканы төмендетті

Автор: Аманалина Тоғжан

Ақпан айында жылдық инфляция 9,3%-ға дейін баяулады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Ұлттық банк базалық ставканы 14,75% дейін төмендетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов биылғы ақпан айында жылдық инфляция 9,3%-ға дейін баяулағанын мәлімдеді.

«2024 жылғы ақпанда жылдық инфляция 9,3% дейін баяулады. Инфляция мен инфляциялық күтулердің төмендеуіне байланысты Ұлттық Банк ақпанда базалық ставканы 14,75% дейін, яғни 50 базалық тармаққа төмендетті. Сонымен бірге, жылдық инфляцияның баяулау қарқыны азайды. Ақпанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасты. Маусымдық және әкімшілік факторлардан басқа нарықтық тауарлар мен қызметтер бағасы тез өсті», - деді Сүлейменов Үкімет отырысында.

Ол қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жұмсарту мүмкіндігі айтарлықтай шектеулі екенін атап өтті.

«Инфляция факторларының қалыптасқан балансы, оның айлық қарқынының динамикасы алдағы уақытта шешім қабылдау кезінде базалық ставканың сол деңгейде сақталу ықтималдығын арттырып отыр. Деректерді жинау, экономикалық және фискалдық реформалардың іске асырылуын мониторингтеу қажет», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Авторы: Айжан ТЕМІРХАН