Үкімет пен Ұлттық банктің алдында инфляцияны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр – Бектенов

Темірхан Айжан

Премьер-министр инфляцияның көтерілу мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

Үкімет пен Ұлттық банктің алдында инфляцияны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр – Бектенов
Фото: freepik.com

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Үкімет пен Ұлттық Банкке инфляциялық қысымды төмендету мәселесін басты назарға алуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Ол қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрағанын атап өтті.  

«Биыл Үкімет пен Ұлттық банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жеміс, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек, бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр», - деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге инфляцияның көтерілу мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек. Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет. Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруға тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Ол Орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейтіп, Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.