Жылдық инфляцияның төмендеу қарқыны баяулап келеді - Ұлттық банк

Автор: Аманалина Тоғжан

Қаңтарда ол 9,5 пайызға баяулаған

Фото: freepik.com

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов ҚР Үкіметі отырысында инфляцияның баяулайы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қаңтар айында жылдық инфляция 9,5%-ке дейін баяулады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияның төмендеуі биылғы қаңтар айында базалық ставканы төмендетуге мүмкіндік берді. Ол қаңтарда 50 базалық тармаққа 15,25%-ке дейін төмендетілді. Ал жылдық инфляцияның төмендеу қарқыны баяулап келеді. Қаңтар айындағы айлық инфляция алдыңғы орташа мәндерден жоғары қалыптасты», - деді ол. 

Баймағамбетов атағандай, қалыптасқан инфляциялық ахуал дезинфляциялық саясаттың жалғасуын талап етеді.

«Биыл қаңтар айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 448,17 теңгеге дейін 1,4%-ке нығайды. Жыл басынан Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату теңгеге едәуір қолдау көрсетті. Оның көлемі 1 млрд-тан астам АҚШ долларын құрады. Жыл басынан мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына бейрезиденттердің капитал ағыны 194 млн доллар болды», - деді ол.

Ақылжан Баймағамбетов атағандай, Ұлттық қордан валюта сату көлемінің өсуіне және сату көлемінің теңге бағамының конъюнктурасына әсер етуіне байланысты салымшылар мүддесі үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялауға белсенді түрде валюта сатып алу туралы шешім қабылданды.

«Осыған орай ақпан айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына валюта сатып алу көлемі 200 млн доллардан 400-500 млн долларға дейін ұлғайды.

Ұлттық Банк икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады және валюталық интервенциялар жүргізбейді», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ