Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің айырмашылығы неде
Ұлттық банкті жекеменшік «Халық банкімен» шатастырып жатады

Жасырын емес, көп қазақстандық еліміздегі монетарлы билік саналатын Ұлттық банкті жекеменшік «Халық банкімен» шатастырады. Сондықтан бұл мақалада орталық банк пен екінші деңгейлі банктердің қызметтері туралы сөз қозғаймыз, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұлттық банк – ақша процесін реттеп отыратын мемлекеттік мекеме. Алайда неліктен ол банк деп аталады деген сауалға жауап іздесек.
Ұлттық банк неліктен банк деп аталады?
Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдары біз әлемдік тәжірибеге сүйеніп, мемлекеттердің басым бөлігі қолданатын екі деңгейлі банк жүйесін таңдадық. Яғни, бір мемлекеттік мекеме – орталық банк болады. Ол банк жүйесінің ең бірінші деңгейінде тұрады. Ал қалған банктердің барлығы екінші деңгейлі болып саналады. Бірінші деңгейлі Ұлттық банк мемлекеттің атынан әрекет етеді. Бұл дегеніміз, ұлттық валюта теңгені басып шығарады, елдегі ақша-несие саясатын жүргізіп отырады.
Демек, Ұлттық банктің нақты әрі негізгі мандаты – инфляцияны бәсеңдету және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Реттеуші бұл функцияны мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеп, іске асыру арқылы орындап шығады.
Ұлттық банктің басқа да міндеттемелері қандай?
Ұлттық банк міндеттемелеріне мыналар кіреді:
- Төлем жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету;
- Валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;
- Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қолдау көрсету;
- Ақша-кредит статистикасы мен сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру.
Ұлттық банк неліктен коммерциялық саналмайды?
Ұлттық банк мемлекет атынан қызмет етеді. Сол себепті ол коммерциялық емес. Яғни, ол өз қызметінде пайда табуды көздемейді. Ал екінші деңгейлі банктер өзіміз үйренген классикалық банк ретінде әрекет етеді. Халықтан депозит жинайды, кредит береді, төлемдерді жүзеге асырады. Сол арқылы пайда табады. Бұл банктердің барлығы жекеменшік болуы шарт емес. Мысалы, кез келген банкте мемлекеттің үлесі болуы мүмкін.
Сондай-ақ құқықтық статустары бөлек, толық мемлекетке бағынатын, Үкіметтің экономикадағы, әлеуметтік бағыттағы саясатын жүзеге асыратын арнайы қаржы ұйымдары бар. Олар да банк деп аталады. Мысалы, Отбасы банк пен Қазақстанның даму банкі. Бұл қаржы ұйымдары да екінші деңгейлі банк сатысына жатқызылады.
Қысқаша айтқанда, Ұлттық банк мақсаты – елдегі қаржылық тұрақтылықты сақтау, инфляцияны жоспарланған межеде ұстап отыру. Ал екінші деңгейлі коммерциялық банктердің мақсаты халық пен бизнеске қызмет көрсетіп, сол арқылы өз клиенттерін молайтып, кіріс алу.