Қазақстан экономикасы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 4,7%-ға өсті

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,1% болды

Қазақстан экономикасы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 4,7%-ға өсті
Фотоның дереккөзі: aa.com.tr

Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,7% болғанын баяндады. Нақты сектордағы оң динамика 3,7%, қызмет көрсету саласында 5,1%-ды құрады. Өсу қарқыны жоғары салалар: құрылыс – 12,6%, сауда – 10%, сондай-ақ ақпарат пен байланыс – 8,4%.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,1% болды. Инвестициялар ағыны артқан салалар: көлік және қойма – 59,4%, сауда – 37,5%, білім – 23,7%, ауыл шаруашылығы – 12,9%, өнеркәсіп – 8,2%, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі – 4,3%», - деді Ә. Қуантыров.

Қаңтар-тамызда республиканың сыртқы сауда айналымы 4,2%-ға өсіп, $91,1 млрд-ты құрады. Экспорт $51,2 млрд-қа жетті, оның ішінде өңделген тауарлар – $16,2 млрд, импорт – $39,8 млрд. Жалпы Қазақстанның оң сауда балансы $11,4 млрд-қа тең.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түскенін, жоспар 97%-ға орындалғанын мәлімдеді. Республикалық бюджет 9,2 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 4,7 трлн теңгеге толықты.

«Сол кезеңде мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 98,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ға орындалды», - деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша тиісті шараларды одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.