Қытай компаниясы Қазақстанда энергетикалық жобаларды жүзеге асырмақ
Әлихан Смайылов пен CMC вице-президенті бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен China National Machinery Import & Export Corporation (CMC) вице-президенті Чжао Чжэнсян энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы Қазақстан таяу жылдары энергетикалық жүйені біріктіруді аяқтап, экономика мен халықтың электр энергияға қажеттілігін толық қамтуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, республиканың Электр энергетика саласын дамыту жөніндегі тиісті тұжырымдама қабылданды.
Қазіргі уақытта қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылуда, бұл 2027 жылға қарай 1700 МВт-тан астам қуатты іске қосуға мүмкіндік береді. Биыл Екібастұз ГРЭС-1-де №1 энергоблокты қалпына келтіру аяқталады, бұл алдағы күзгі-қысқы маусымда қосымша 500 МВт-пен қамтамасыз етпек.
Сонымен қатар Көкшетау және Семей қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жоспарланған. Ұлттық электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Батыс энергетикалық аймағының электр желілерін күшейту жобасын аяқтау жоспарланған және Оңтүстік аймақтың электр желілерін күшейту бойынша жоба әзірленуде.
«CMC-дің Қазақстанға инвестициялау бойынша тәжірибесі бар. Біз компанияның энергетикалық жобаларға қатысу арқылы инвестиция ауқымын кеңейту жөніндегі ниетін құптаймыз», — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Чжао Чжэнсян China National Machinery Import & Export Corporation өзара тиімді шарттарда бірлескен жобаларды әзірлеуге және жалпы орнатылған ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екенін айтты.
«Біз серіктестерімізбен егжей-тегжейлі талқылау өткізіп, қаржылық институттарымыздың қолдауын алдық. Бұл біздің үлкен қызығушылығымызды көрсетеді. Аталған жобаларды жүзеге асырған жағдайда Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосу үшін жергілікті мердігерлермен және тауар жеткізушілермен келісімшарт жасаймыз», — деді CMC вице-президенті.
Анықтама: China National Machinery Import & Export Corporation қызметі энергетика, көлік, жылжымайтын мүлік, химия және жеңіл өнеркәсіп, инфрақұрылым, кеме қатынасы және т. б. салаларды қамтиды. Кәсіпорынның өнімдері мен қызметтері әлемнің 160-тан астам елінде ұсынылған.