Ресейдің бидайына «жоқ» деуге кедергі жоқ – сарапшылар
Көрші елден тасымалданатын бидай импортына шектеулер қою ұсынылды

Соңғы бірнеше жылда қазақстандық астық пен ұн нарығы Ресей бидайының заңсыз тасымалынан зардап шегуде. Әр түрлі бағалаулар бойынша, Ресей Федерациясынан астық өнімдерінің «сұр» импорты (контрабандасы) жылына 1,5-2 миллион тоннаны құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан 2022-2023 жылдардағы аграрлық маусымда Ресей бидайының импортын күрт арттырды. Егер бұрын орташа жылдық тасымал көлемі 1,3 млн тоннаны құраса, биылғы маусымда ол 2,1 млн тоннаға дейін өсті», - деді Қазақстан астық одағының президенті Нұрлан Оспанов.
«СҰР» ИМПОРТ, ӘДЕТТЕ, ЕСКЕРІЛМЕЙДІ
Ағынның артуына 2022 жылы Ресейдегі бидайдың рекордтық өнімі себеп болды (100 миллион тоннадан астам). Бұл шамадан тыс өндіріске және бағаның төмендеуіне әсер етті. Орта есеппен 14 мың рубль/тоннаға дейін төмендеді.
«Егін ору кезеңі жақындап қалды. Бірақ, Ресейден келетін бидайдың өзіндік құны төмен. Біздің бидайдың өзіндік құны 70-75 мың теңге, Ресейде көлемі үлкен, сондықтан бізден төмен. Санкцияларға байланысты көрші елдің өнімін көп елге сатуға мүмкіндігі жоқ, сондықтан өзінің оңтүстігіндегі көршілерге көз тіккен», - деді AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
«СҰР» ИМПОРТ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ ОБЛЫСТАР
Ресейдегі экспорттық баж салығын ($30) және Қазақстандағы транзиттік теміржол тарифін ($40) төлемей, әртүрлі заңсыз схемалар арқылы Орта Азияға экспортталды.
Соңғы бірнеше жыл ішінде Павлодар облысы заңсыз астықты қабылдау және транзиттеу бойынша «көшбасшы» саналады. Биылғы маусымда заңсыз бидайдың белсенді жеткізілуі Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады, дейді сарапшылар.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысы бойынша дәнді дақылдарды жалпы орташа жинау 2022 жылы 255,7 мың тонна болғанымен, оны басқа өңірлерге т/ж көлігімен экспорттау 354,1 мың тоннаны немесе өндірістің орташа көлемінің 138% құрады.
Павлодар облысы бойынша орташа жалпы астық жинау 913,5 мың тоннаны құрағанымен, астық пен ұн экспорты 977,1 мың тоннаны құрады (алынған егіннің 107%).
Ақтөбе облысы бойынша, дәнді дақылдарды жалпы орташа жинау 432,9 мың тонна болғанымен, экспорт 2022 жылы 232,5 мың тоннаны (54%) құрады.
Яғни, тарихи тұрғыда, жиналған өнім әрқашан ішкі тұтынуға да жетпейтін бұл аймақтарда кенеттен экспорттық әлеует пайда болды, олар республиканың басқа өңірлеріне астық жеткізушілер атанды.
ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМДЫ ТОҚТАТУ ҮШІН ҰСЫНЫСТАР
Сарапшылар жаңа аграрлық маусым қарсаңында ресейлік астықты Қазақстан нарығына жеткізудің ашықтығы, сондай-ақ оның ел аумағы бойынша транзиті мәселелерін реттеу маңызды деп санайды.
«Астық және оны заңсыз айналымда қайта өңдеу өнімдері жеткіліксіз бақыланады немесе олардың астық қауіпсіздігі техрегламентінің сапасы мен талаптарына сәйкестігі тұрғысынан мүлдем бақыланбайды. Бұл халықтың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, 10.10.2023 ж. бастап жұмсақ бидайды автокөлікпен әкелуге (импорттауға) тыйым салу ұзартылғанын; 01.09.2023 ж. бастап жұмсақ бидай мен күнбағыс тұқымын автокөлікпен экспорттауға тыйым салуды; 01.09.2023 ж. кешіктірмей бидай мен күнбағыс тұқымын әкелуге (импорттауға) сандық шектеу (тарифтік емес квоталар) енгізуді; ҚР ҚМ МКК тарапынан трансферттік баға белгілеуге (оларды экспорттау және импорттау кезінде) бақылауға жататын тауарлар тізбесіне тазартылмаған бидай ұнын, күнбағыс тұқымын және күнбағыс майын қосуға міндетті. Бұл шешімді 01.09.2023 жылға дейін қабылдауды; жергілікті атқарушы органдар тарапынан респонденттердің өнім өндіру бойынша объективті статистикалық есептерді ұсынуына және олардың есепті күнге бар-жоғына бақылау белгіленгенін ұсынамын», - дейді «Қазақстанның Астық одағы» ЗТБ төрағасы Нұрлан Оспанов.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АСТЫҚ ПЕН ҰНДЫ ЭКСПОРТТАУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛДАРЫ
Жыл сайын Орта Азия мен Ауғанстан елдері астық өңдеудің өз көлемін ұлғайтуда. Осы фактіні және ресейлік өнімдердің қысымын ескере отырып, қазақстандық ұн тартушылар ұн өткізудің балама нарықтарын іздеуі қажет, дейді сарапшылар.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта ҚР өңдеушілері Таяу Шығыс елдеріне, атап айтқанда Қатарға Иран арқылы, сондай-ақ Пәкістанға ұн жеткізу мәселесін белсенді түрде пысықтауда.
Қатар мен Пәкістаннан келген сатып алушылармен алдын ала келіссөздер жүргізілген. Қазақстандық ұнды сатып алуға дайындық бар, Иранның көлік компаниялары да өз аумағы бойынша транзит ұйымдастыруға, оның ішінде Бендер-Аббас портында ауыстырып тиеуді қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Осы нарықтарға бекіту үшін Астық одағы бастапқы кезеңде Үкіметтен қолдау көрсетуді сұрады.
Анықтама. Қазақстанда 174-ке жуық астық өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Ұн тарту саласында 60 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Астық өңдеудің басқа бағыттарында 40 мыңға жуық қызметкер бар.
Қазақстанда өсірілген бидайдың шамамен 55%-ы отандық астық өңдеу кәсіпорындарында өңделеді.
Ұннан басқа, кәсіпорындар шамамен 70 мың тонна құрама жем, 400 мың тонна кебек және басқа да ұнтақтау өнімдерін өндіреді және экспорттайды.
Сондай-ақ бидай дәні мен жүгері дәнін терең өңдеу дамуда, онда жыл сайын 300 мың тоннаға жуық астық өңделеді.
Сымбат Молдатай