Баға арзандаса да мұнай өндірісін шектемейміз – Ноғаев
Қашаған мұнайының өзіндік құны – 10$

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев әлемдік мұнай бағасының төмендеуі қазақстандық мұнай өндіруші компанияларға қанша шығын келтіретіні жайлы журналистердің сұрағына жауап берді. Министр әр кен орнында мұнайдың өзіндік құны әртүрлі болғандықтан, «қара алтын» бағасының төмендеуінен қазақстандық компаниялардың қаншалықты шығынға бататытыны туралы айту қиын екенін түсіндірді. Ноғаевтың айтуынша, Қазақстандағы мұнай компанияларында шикізаттың өзіндік құны 10 мен 65 доллар аралығында.
«Әр кен орны туралы жеке-жеке қарастыру керек. Себебі, мұнайдың өзіндік құны 20 доллар болатын кен орындары бар. 50 доллар болатын, 65 доллар болатын жерлер де бар. Барлығына бірдей баға беру дұрыс емес. Мәселен, Қашағандағы шикізаттың өзіндік құны 10 долларға дейін», - деді Н.Ноғаев.
Министр шикізаттың өзіндік құны 50-65 доллар болған күнде де, Қазақстан өндірісті тоқтатпайтынын айтты.
«Естеріңізде болса, Қазақстан 1998 жылы мұнай құны 8,5 доллар болған күндерді де бастан өткерген. Сондықтан біз қолымыздан келгенше барлық шараларды қабылдаймыз», - деді бұған қатысты министрі.
Энергетика министрі кей шағын кеніштерде жоспарлы көрсеткіш бойынша мұнай таусылғанмен, ол жерлерде жаңа технологиялар арқылы игеру жалғасып жатқанын түсіндірді.
«Бізде 100 жылға жуық, 60-80 жыл игеріліп жатқан кен орындары бар. Әлеуметтік мәселені ескере отырып, ол бойынша басқаша шара қолданып жатырмыз. Мысалы, «Өзен», «Маңғыстаумұнайгаз» және Доссордағы, Мақаттағы кей кен орындары техникалық мүмкіншіліктерін сарқып жұмсады. Жобалық құжаттар бойынша олар тоқтау керек еді. Бірақ, жаңа технологиялар арқылы оларды игеруді жалғастырып жатырмыз. Ғылым да бір орында тұрған жоқ», - деді министр.
Айта кетейік, 6 наурызда ОПЕК+ отырысының қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәміленің талаптары туралы келісе алмады. Ресей өндіруді төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы ағымдағы жылғы 8 наурызда әлемнің барлық өңірлері үшін өз мұнайының бағасын төмендету және мұнай өндіруді тәулігіне ағымдағы 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге дейін ұлғайтуға дайын екендігі туралы шешім қабылдады. Осылайша, 9 наурызда мұнай бағасы 30%-ға арзандады. Қазір Brent маркалы мұнайдың баррелі – 38,72 теңге.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан