$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісінің үш айдағы көлемі 38%-ға ұлғайды

Отандық жеңіл өнеркәсіпті қаржылай қолдау тетігі енгізілді

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісінің үш айдағы көлемі 38%-ға ұлғайды
Фото ашық дереккөзден

Биыл 10 сәуірде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығы күшіне еніп, соған сәйкес жеңіл өнеркәсіп бойынша іске асырылатын инвестициялық жобаларға байланысты 3%-дық сыйақы мөлшерлемесінде қаржылай қолдау тетігі қарастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, 3%-дық пайыздық мөлшерлемемен зайымдық ақшаны ұсыну – отандық жеңіл өнеркәсіпті қаржылай тұрғыда қолдаудың жаңа түрі. Оның операторы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ саналады. Бұл тетік шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталып, орта және жоғары бөліністегі тауарларды өндіретін, сондай-ақ ішкі нарықтан шикізат сатып алуды көздейтін кәсіпорындарға басымдық берілмек.

Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктелуіне сәйкес келесідей қызмет түрлерін жүзеге асыратын кәсіпорындар тиісті қаражатты алуға мүмкіндігі бар:

  • тоқыма бұйымдарының өндірісін жолға қойған (ЭҚЖЖ 13-бөлімі);
  • киім өндіретін (ЭҚЖЖ 14-бөлімі);
  • былғары және оған қатысты өнімдерді шығаратын кәсіпорындар (ЭҚЖЖ 15-бөлімі).

Бұл ретте бір жобаға қарастырылатын зайымдық ақшаның шекті мөлшері – 5 млрд теңге.

Сондай-ақ маңызды шарттардың бірі өндірісті жаңғырту кезінде кем дегенде 30 адамды, ал жаңа өндірісті құрған шақта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілуге тиіс.

Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, қазір инвестициялық жобалар пулында жеңіл өнеркәсіпке қатысты 60-қа жуық жоба бар. 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын осы жобалар бойынша 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.

«Жеңіл өнеркәсіп адамның өмірінде үлкен маңыз алатын сала. Неге десеңіз, тұтыну көлемі жағынан аталған сектор екінші орында келеді, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтитын әлеуметтік тұрғыда өтеі маңызды сала саналады. Біздің алдымызға республикадағы барлық шикізатты дайын өнімге дейін өңдеп, шығару міндеті қойылған» - деді ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының міндетін атқарушы Олжас Сапарбеков.

2023 жылдың қаңтар-наурыз аралығында елімізде 55,5 млрд теңге сомасына жеңіл өнеркәсіп өнімі өндіріліп, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 37,8%-ға көп. Сонымен қатар өндірісті үздіксіз жалғастырып келе жатқан кәсіпорынның саны 2022 жылмен салыстырғанда 9%-ға немесе 122 нысанға ұлғайғаны байқалып отыр.

Жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс өсімі оның барлық түрінде тіркелді: тоқыма бұйымдарын өндіру 57,6%-ға, киім өндірісі 11,7%-ға, былғары және оған қатысты өнімді шығару 7,4%-ға артқан.

Бұл бағытта өңірлер арасында Түркістан облысы (28,5%), Шымкент (16%) және Алматы қалалары (8%) мен Ақмола облысы (5,6%) көш бастап келеді.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп бағытында 1445 кәсіпорынның қызметі жолға қойылып, 22 мың адам еңбек етіп келеді.

Серіктес жаңалықтары