Банктер Үкіметтен көмек сұрай ма?
Таяуда тәуелсіз сарапшылардың елдегі банк секторының актив сапасын бағалау жұмыстары аяқталды. Нәтижесі мынадай: банк секторының таза пайдасы жыл санап өсіп келеді. Алайда AQR қорытындысы бойынша саланы сауықтару шаралары да қажет, деп жазады Егемен Қазақстан газеті.
Қазақстанның банк секторының шынайы ахуалын тексеру үшін былтыр AQR жасалғаны белгілі. Сөйтіп елдегі 27 банктің ең ірі 14-іне тексеріс жасалды.
«Бұл 14 банкке елдегі банк секторы жалпы активінің 87 пайызы және несие портфелінің 90 пайызына тиесілі. Актив сапасын бағалау нәтижесіне сүйенсек, аталған 14 банктің төртеуінде жағдай жақсы емес. Яғни 4 банктің меншікті капиталы жеткіліксіз. Олар: АТФ, ЦентрКредит банкі, Еуразия банкі және Нұрбанк. Алайда AQR қорытындысында салымшылар үшін ешқандай қауіп жоқ екені айтылған» ,- делінген басылымда жарық көрген мақалада.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, банк секторын тағы да тығырықтан алып шығу үшін қосымша 450 млрд теңге қажет.
«AQR жүргізуге қатысқан тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, отандық банк секторында Ұлттық банк айтқандай 450 млрд теңге емес, 680 млрд теңге тапшылық байқалады»,- делінген мақалада.
Қазір осы тапшылықтың ашық айтылуы мемлекеттен ақша сұрау үшін жасалып жатқан дайындық болуы да ғажап емес. Бұрын банктердің қожайындары Үкімет пен Ұлттық банктен көмек сұраған болса, осы жолғы сауықтыруға «банктер үшін емес, экономика мен қаржы нарығының тұрақтылығы үшін» деген желеу айтылуы ықтимал.
«Банктер тұрғындарға берген несие 2018 жылғы 13 трлн теңгеден былтыр 13,8 трлн теңгеге өсті. Соның ішінде бизнесті қаржыландыру керісінше 500 млрд теңгеге азайды. Есесіне халықтың мойнындағы қарыз 1,3 трлн теңгеге ұлғайып кетті», - деп жазады маұала авторы.
Депозит нарығында да жеке тұлғалар белсенді. Екінші деңгейлі банктерде жатқан қаражат былтыр 18,5 трлн теңгеден 19 трлн теңгеге көбейгенде бизнестің 9,8 трлн теңгесі өзгеріссіз қалса, жеке тұлғалардың жинаған ақшасы 8,6 трлн теңгеден 9,2 трлн теңгеге өсті.