Шымкент, Тараз, Түркістан, Қызылорда: жылы жақта туризм саласы оңалмай отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Оңтүстік өңірлерде туризм саласы ақсап тұр. Алайда, туризмге жауапты мекеме басшылары республикалық рейтингпен келіспейді

Фотоколлаж

2018 жылы еліміздің өңірлеріне келген туристердің саны көрсетілген рейтингте Шымкент қаласы 10 орында, Түркістан облысы 11 орында, Жамбыл облысы 15 орында, ал Қызылорда облысы ең соңғы 17 орынға жайғасқан.

«ШЫМКЕНТКЕ ТЕК ПАЛАУ, САМСА ЖЕУГЕ КЕЛЕДІ»

Былтыр миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласына бар-жоғы 178 014 турист келген. Яғни 200 мыңға да жетпейді. Оның ішінде  22 068 шетел азаматы екен. Ал, 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында мегаполиске 111 591 адам қонаққа келген. Солардың қатарындағы шетелдіктердің саны 14 мыңнанан асқан. Нәтижесінде Шымкентке туризмнен түскен табыс көлемі өткен жылы 2,6 милрд теңгені құраса, осы жылдың 6 айындағы кіріс көлемі 1,9 миллиард.

Шымкентке келетін шетелдік қонақтардың дені көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай азаматтары. Оларды мұнда негізінен ас мәзірі, тарихи орындар мен Түркістан облыстарының таулары қызықтырады екен. Соған қарамастан, жиһанкез Қайрат Кәрібайұлы Шымкентке келетін туристердің аз болуы насихаттың жетіспеушілігінен деп біледі.

«Шымкентте гастрономиялық туризм ғана дамыған. Палау, самса, кәуап жеуге ғана келеді. Шетелдіктерді біз заманауи әдемі қонақ үйлермен, мейрамханалармен қызықтырып, таңқалдыра алмаймыз. Шымкент бірінші кезекте этнотуризмді дамыту қажет. Бізде Тұрлан шағын ауданында ұлттық жер асты музейі бар. Болды. Қалғандары діни көзқарастағы зияратқа кетеді. Қалада Арбатты ашты. Бірақ онда ұлттық нақыш өте аз. Сайрам жақтан этноауыл ашса құба-құп. Этноауылдар Түркістан облысының аудандарында ашыла бастап еді. Кейіннен жоқ болып кетті. Ол ауылдар тек ірі қонақтар келгенде ғана ашылмай, үнемі жұмыс істеп тұруы керек. Арыстанбаб жақта қолөнер шеберлері рулардың таңбасын басып отыр. Ол шетелдіктерге қызық емес қой. Біздің шеберлер олардың алдында киіз басып, бауырсақ пісіруі қажет. Керек болса, оларға да белгілі бір ақыға бауырсақ пісіруді үйретсін. Олар соны қызық көріп, өзінің бауырсақ пісіргенін таспаға, суретке түсіріп насихаттайды. Баяғы шайқастарды сахналық көрініспен туристердің назарына ұсыну керек. Бізде наурыздың өзінде әкімдік қызметкерлері шікірейіп кәстөм шалбармен жүреді. Ешбірі ұлттық киім кимейді. Сондай-ақ, Шымкентте ұлттық үрдіспен салынған, киіз үй іспетті қонақ үйлер жоқтың қасы», - дейді ол.

Жиһанкез ақпараттық насихаттың да аз екенін айтады.

- Әуежайдан бастап 5-6 тілде жол көрсеткіш орнату керек. Онда қаладағы туристік орындар жайлы ақпараттар молынан болса. Ол жерлерге жету жолдары көрсетілуі тиіс. Мұнан өзге ұялы телефондарға арнайы бағдарлама жасау керек. Бізде ондай бағдарламалар да ашылып, жабылып қала береді. Отандық әуекомпанияларының шетелден ұшып келетін ұшақтарында республикамыздың өңірлері жайлы ақпараттар болуы қажет. Жалпы біздегі туристік нысандардың инфроқұрылымы өте нашар, - дейді Қайрат Кәрібайұлы.

Расында Шымкенттегі Қарашаш ана, Ибраһим ата кесенелері күрделі жөндеуді талап етеді. Мұны қалалық туризм басқармасындағылар да мойындап отыр. Жалпы алғанда, шаһардағы 11 кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. Бүгінде соның бірнешеуін қалпына келтіру үшін қала қазынасынан қаражат сұрап жатқан көрінеді. Десе де, басқарма өкілі жөндеу жұмыстарына нақты қанша қаржы қажет екенін айта алмады.

«Шымкентте сакралды аймақ кесенелерінің біршама бөлігі Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Оның ішінде республикалық маңызы бар кесенелердің тізіміне енген Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері бар. Ол кесенелерді қалпына келтіру бойынша бірашама құзырлы басқарма, мекемелерге ұсыныс тастадық. Бұл кесенелер бұрын «Исфиджап» қайырымдылық қорының балансында болған. Иесіз болған. Қателеспесем, қазіргі таңда олар энергетика басқармасының меншігіне өткізу бойынша біршама жұмыстар атқарылды. 11 кесенені басқарманың меншігіне өткізу бойыша жұмыс жасалған. Бірақ кесененің өзі қайырымдылық қорының балансында болған. Басқарма балансына жан-жағындағы аумағы ғана өткен. Яғни, көгалдандыру, жарық жүргізу немесе орындықтар қою секілді жұмыстар сол басқарманың құзыретінде», - дейді Шымкент қаласы туризм басқармасының бас маманы Ғазиза Үсенқызы.

ТАРАЗ БЕН ТҮРКІСТАН ҚОНАҚ ҮЙЛЕРІ ДҰРЫС АҚПАРАТ БЕРМЕЙДІ

«2018 жылы өңірге 1,5 млн-ға жуық саяхатшы мен зияратшы келіпті. Ал туристік индустрияны дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылы Түркістан өңіріне 5 миллионға жуық турист келеді деп жоспарлап отырмыз» деп республикалық БАҚ-қа сүйіншілеп мәлімет таратқан Түркістан облысы республикалық рейтингте 11 орында. Өткен жылы рухани астанаға келген туристер саны 152 мыңнан әрең асады. Олардың қатарында 6 847 шетелдік бар екен.

«Бұл статистика қонақ үйлерге тіркелген азаматтардың  есебі бойынша жүргізіледі. Ал, Түркістанға келетіндердің дені Яссауи кесенсіне бір күнге келіп, қонақ үйге жатпай кері қайтатын экскурсанттар. Сондықтан, олар бұл санаққа кірмейді», - дейді мамандар.

Ал, туристердің өңірлерге келуі бойынша 15 орынға тұрғақтаған Жамбыл облысына былтыр 120 936 адам келсе, оның тек 3940 ғана шетелдік болған. Бұл тұрғыда облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова көрсетілген статистикалық мәліметпен келіспейтінін айтады.

«Қонақ үйлерге тіркелген туристермен мәлімет жасау дұрыс емес. Өйткені, қонақ үйлер салықтан қашу үшін келген қонақтардың санын азайтып көрсетеді. Ал, шетелдіктер болса олар қосымша құн салығын төлейді. Сондықтан, резидент еместер жайлы мағлұмат беру оларға мүлде тиімсіз.  Мәселен, Тараз қаласында 154 қонақ үй болса, ресми түрде оларды толтыру мөлшері 18 пайыз деп көрсетіледі. Бірақ соның ішінде қызметі жоғары, қымбат ТОП-40 қонақ үйлерге хабарлассаңыз, үнемі бос болмайды. Біздіңше, облыс орталығындағы қонақ үйлер 80 пайызға туристермен толады. Жуырда сол қонақ үйлерді аралап, келген қонақтар жайлы мағлұматтарды жасырмау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Біздің есебімізде оңірдегі 30 астам туристік нысандарға жылына 300 мыңға жуық турист келеді. Олардың шамамен 45 пайызы шетелдіктер. Бізге көбіне мұсылман елдерінен қонақтар келеді», - дейді Қарлығаш Әмірқызы.

Жандос Мейірбекұлы, Арай Есенбек