Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді
Өткен айда Қазақстандық банктердің жалпы активі 40,3 трлн теңге болды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банк секторындағы жағдай туралы есебінде айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында 22 екінші деңгейлі банк бар. Оның ішінде 12 банк шетелдік акционерлердің қатысуы бар банк, оның ішінде 10 еншілес банк екені анықталып отыр.
«Банк секторының активтері 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ағымдағы жылдың шілде айында 2,8%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 40,3 трлн теңге болды. Активтің өсуі клиенттер депозитінің 4,8%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге және несие портфелінің 1,1%-ға немесе 240 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде болды»,- делінген агенттік есебінде.
Өтімділігі жоғары актив - 12,6 трлн теңге (31,3%), бұл банктерге клиент алдындағы міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.