Өткен жылы «Самұрық-Қазына» 1,2 триллион теңге таза пайда тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы мәліметті Президент қабылдауында болған қор басшысы Ахметжан Есімов айтты

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне Ұлттық әл-ауқат қорының 2019 жылғы жұмыстарының нәтижелері баяндалды. Бұл туралы ақпаратты Ақорда сайты хабарлады.

«Ахметжан Есімовтің айтуынша, қордың негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштері артқан. Кіріс көлемі 2018 жылғы 10,1 триллион теңгеден 2019 жылы 10,7 триллион теңгеге артып, таза пайда 2018 жылы 1,1 триллион теңге, ал 2019 жылы 1,2 триллион теңге болды. Қордың активтері 10 пайызға артып, 26,5 триллион теңгеге жетті», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» басшысы отандық өндірісті қолдауға, сатып алулар ісіндегі жергілікті  кәсіпорындардың үлесін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар енгізу жөнінде мәлімет берген.