ТМД-да баламасы жоқ: «Самұрық-Қазына» АҚ мен Түркістан облысы әкімдігі бу-газды қондырғының іргетасын қалады
Бұл жоба энергия тапшылығын болдырмауға септігін тигізеді

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында 1000 МВт бу-газ қондырғысының естелік капсуласы салынды. Маңызды жобаның таныстырылымына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Бу-газ қондырғысын салу жобасына байланысты естелік капсула орнату салтанатына келдік. Бұл өңірдің дамуына үлкен үлес қосатын маңызды жоба. Сондай-ақ, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және ұлттық энергетикалық жүйенің, әсіресе, энергия тапшылығы бар оңтүстік өңірінің сенімділігін арттырады. Икемді генерациялау режимі бар аралас циклді зауыттың құрылысы Қазақстан Республикасының энергетика жүйесіне жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін қолайлы жағдай жасайды, — деді «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Алмасадам Майданұлы
Жоба жүзеге асқанда тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан Республикасында электр энергиясының сапасын арттырып, энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз ететін болады. Қазір облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Сондықтан да өңір басшысы энергия тапшылығын шешу бағытындағы бұл жобаның аса маңызды екенін жеткізді.
«Бүгін мегажобаның іргетасы қаланғалы тұр. Өңірге өте ауқымды инвестиция тартылуда.Түркістан өңірінде энергия тапшылығы — өте өзекті мәселе. Облысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, маңызды бу-газ станциясын (ПГУ) салатын боламыз. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтаймын. Жаңа электр орталығы өңірде энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында оңтүстік өңірінде таралымы кең энергия өндіретін станция салу негізгі басымдылыққа ие екенін жеткізген болатын. Арадан көп уақыт өтпей Төлебидің төрінен бой көтеретін болды. Жобаның жалпы құны 722,8 млрд теңгені құрайды. 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Мамандар бұл ТМД аумағында баламасы жоқ жобалардың бірі деп бағалап отыр. Құрылыс кезінде 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылса, қондырғы іске қосылған соң 200-ден астам тұрақты жұмыс орындары ашылады. Айта кетейік, бу-газ қондырғысын салуға жергілікті тұрғындар тартылатын болады. Арнайы оқудан өтіп, жұмысшыларға техника мен жұмыс қауіпсіздігі түсіндіріледі. Бұл дегеніміз өңірде жұмыссыздық деңгейінің едәуір азаюына алып келеді.
Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» ЖШС компаниясы жүргізеді. Қазіргі уақытта газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.
Енді осы жоба іске қосылған соң өңірде кәсіпорындар көбейеді, кәсіпкерлік дами түседі. Жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп көзделуде.