Ресей мен Қазақстандағы базалық мөлшерлемелерді салыстыру дұрыс емес – Пірматов

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Ұлттық банктің ұлттық валюта бағамының еркін өзгермелі қағидаттарын ұстанатынын айтты

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов еліміздің валюта нарығындағы ахуалға шолу жасай келе, Ресей мен Қазақстандағы базалық мөлшерлемелерді салыстыру дұрыс емес екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Кейбір сарапшылардың Қазақстан мен Ресей орталық банктерінің базалық мөлшерлемелерін салыстыратыны рас. Ресей банкі ағымдағы жылдың ақпан айында негізгі мөлшерлеменің 9,5%-дан 20%-ға екі есе артуынан кейін экономиканың құлдырауынан болып жатқан дефляциялық процестерді ескере отырып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оны 9,5% - ға дейін төмендетті. Сондай-ақ, Ресейде бірнеше аптадан бері дефляция байқалуда, маусымдық түзетілген инфляция соңғы уақытта межеленген деңгейден айтарлықтай төмен болды, бұл ретте мөлшерелемені қарқынды төмендету – заңды құбылыс», - деп атап өтті Ғалымжан Пірматов Egemen Qazaqstan-ға берген арнайы сұхбатында.

Ұлттық банк басшысы Ресейдегі жағдайға қарағанда, Қазақстанда рецессия күтілмейтініне тоқталды.

«Керісінше, іскерлік белсенділіктің, сұраныстың өсуі жағдайында қосымша фискалдық импульс аясында инфляциялық қысым одан әрі күшеюі мүмкін. Осы орайда Ресей мен Қазақстандағы базалық мөлшерлемелерді салыстыру дұрыс емес», - деді Ғ. Пірматов.

Ол Ұлттық банктің ұлттық валюта бағамының еркін өзгермелі қағидаттарын ұстанатынын айтты. Маусым айында рубльдің бағасы барлық валюталарға, ең алдымен АҚШ долларына қатысты айтарлықтай нығайды. Осындай айтарлықтай нығаю Ресей Федерациясында енгізілген капитал қозғалысын шектеу шаралары, энергия ресурстарын қоса алғанда, негізгі экспорттық тауарлардың жоғары бағалары аясында, импорттың айтарлықтай қысқаруымен қатар болды. Бұрын енгізілген валюталық шектеулердің айтарлықтай жеңілдеуіне қарамастан, Ресей рублі мұнай мен газдың жоғары бағасы мен импорттың төмен көлемі аясында нығаюын жалғастырды.

«Өз кезегінде, теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбас бағамы тікелей қалыптаспайды, ол теңге мен рубльдің долларға қатысты бағамына қарай жекелей қалыптасады. Теңге/рубль нарығы дербес қалыптасу үшін біздің мемлекеттер арасындағы сауда-саттық теңесуі қажет. Ал қазір біздің Ресейден әкелетініміз, Ресейге апаратынымыздан әлдеқайда көп және біздің тауар сатушыларымыз өз тауарларын Ресейге сатқанда теңгеге емес, валютаға сатқанды таңдайды. Сондықтан теңгеге деген сұраныс төмен», - деді Ұлттық банк басшысы.

Пірматовтың айтуынша, құбылмалы айырбас бағамы саясатын ұстану – теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды және онымен қатар елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан рубльмен немесе кез келген басқа валютамен паритетке әсер ету мақсатында ұлттық валютаның айырбас бағамы бойынша кез келген амалдар жасауға жол берілмейді.