АҚШ валютасы жыл соңына дейін 5 рет құбылуы мүмкін - экономист

Доллар тағы қымбаттады

АҚШ валютасы жыл соңына дейін 5 рет құбылуы мүмкін - экономист
Фотоколлаж

Соңғы уақытта құлдырап жатқан теңге бүгін тағы да әлсіреді. Ұлттық банктің 30 маусымдағы ресми бағамы бойынша 1 доллар  465, 08 теңгеге тең. Кеше 8 теңгеге қымбаттаған доллар, бүгін тағы 9 теңгеге өсті. Ал Ресей рублінің бағамы осымен үшінші күн қатырынан қымбаттап, бүгін 9,10 теңгеге жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Kurs.kz мәліметінше, қазіргі уақытта Алматының ақша айырбастау пунктерінде доллардың сату бағамы 460 теңгеден басталып, сатып алу 471 теңгеге жетті. Ал рубль 7,3 теңгеден қабылданып, 8,8 теңгеден сатылып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша долларды сату бағамы 463 теңгеден болса, сатып алу құны – 470 теңге. Кейбір айырбас пунктерінде сатылымда доллар жоқ, ал рубль 6.50 теңгеден қабылданып, тіпті 9.60 теңгеден сатылып жатыр.

Валюта бағамының құбылуына әсер етіп жатқан бірден-бір фактор АҚШ-тың Федералды резервтер жүйесі доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін көтеруімен байланыстырады. Бұл өз кезегінде дамушы елдерге капитал құюға ниетті ірі инвесторлардың ойынан айнытады дейді. Ал Америка тарапы кілтті пайызды жыл соңына дейін 5 рет көтереді деген болжам бар.

«Дәл осы соңғы уақытта доллардың өсуі Американың федералды резертер жүйесі доллардың кілтті пайыз мөлшерлемесін көтеруімен байланысты. Өйткені әлемде доллардың индексі өсіп келе жатыр және соңғы уақыттарда әлемдік дәрежеде доллар өзінің құнын резервтік валюталарға қатысты арттырып жатқан жағдайы бар. Осыны біз көріп отырмыз. Негізігі фактор ретінде осыны қарастырушы едік. Дамушы елдердің валютасына қысым бар. Себебі, Американың қазыналық құнды қағаздарының құны жалпы өсіп жатыр. Инвесторлар үшін бұл тиімді, әрине. Өйткені, дамушы елдерге барып инвестиция жасағаннан гөрі, қаражатты сол жақта ұстаған әлқайда сенімді. Сондықтан, дамушы елдерден капитал ағыны болады. Осы сценарийді біз байқап отырмыз және бұл осы жылдың соңына дейін жүзеге аспақшы. Федералды резертер жүйесі әлі жыл соңына дейін 5 рет кілтті пайызды көтереді деген болжам бар. Маусым айындағы пайыздық мөлшерлемені 0,75 пайызға дейін көтерді. Қазір 1,75 пайызға дейін өсіп отыр. Демек әлемде Орталық банктер жеңілдетілген ақша-несие саясатынан қатаңдатылған ақша-несие саясатына қарай қадам басып жатыр»,-деді экономист Мақсат Халық.

Сарапшы, рубльдің құнды бола түсуі қазақстандық кейбір кәсіпкерлерге тиімді болғанымен, Ресейдің өзіне кері әсер ететінін айтты.

«Ресей рублінің қатты құнды болып бара жатан тенденциясын байқаймыз. Оның негізгі себептері Ресейде еркін айналымның тоқтауы деуге болады. Сондай-ақ, әу аста бәрін қолмен реттей бастады. Ресейдің төлем балансы экспорт пен импорттың айырмашылығында экспорт қатты басым болып кеткен. Елге мұнай мен газдан жасалған келісім-шарттардан көп қаражат келіп түсіп жатыр. Ал сол шетелдік валютаға импорттық тауарларды сатып алу жағы қатты түсіп кеткен. Ресейге қазір Еуропадан бөлек, көптеген елдер тауарды өткізбей жатқанын айтуға болады. Сондықтан да, Ресей сол экспортқа мұнай-газ өнімдерін шығарып сатушыларына түскен долларлық табыстың 75 пайызына осы елде рубль сатып аласыңдар деген талап қойды. Сөйтіп, рубльдің құны қазір қатты өсіп кеткен жағдайы бар. Бірақ, бір нәрсені білуіміз керек. Ол күшті рубль Ресейдің өзіне де тиімсіз. Себебі, бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсірін тигізеді. Ұзақ мерзімде осылай құнды қылып ұстап тұра берсе, бұл Ресейге жақсылық алып келмейді»,-деді Мақсат Халық.

Геосаяси кезеңінде валюталарға қатысты нақты болжам жасау қиын деген экономист, теңгенің арзандауына тікелей мұнайдың бағасы да байланғанын еске салды.

«Теңгемізге әсер ететін факторлардың шиеленісі байқалады. Біз көбіне мұнай факторын айтатынбыз. Мұнай нарығында бағалар жақсы. Егер осы бағалар сақталатын болса, бұл  біздің экономикамызға да, экспорттық әлеуетімізге де оң әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта біздің төлем балансымызда экспорт пен импорттың айырмашылығында соңғы жылдары дефицит болатын, теңгемізге қысым болды. Қазір бұл тапшылық жойылып келе жатыр. Мұнай бағасы сәл ғана түссе, онда теңге де қысым көреді. Теңгенің әлсіреуіне маусымдық себептер де әсер етеді. Өйткені, долларға деген сұраныс ел ішінде де артты. Өткен күндер де біз айырбас пунктерінде доллардың таусылып қалып жатқанын байқадық. Демек, азамттарымыз да шетелге шығу үшін әрі сырттан тауар тасымалдау мақсатында көптеп доллар сатып алып жатыр»-дейді экономист.

Ал Ресейден тонналап тасымалданатын тауардың салдарынан елде импорттық инфляцияны болдырмау үшін Үкімет өндіріске шұғыл араласуы керек, дейді Мақсат Халық.

«Рубльдің қымбаттауы бірінші кезекте сол елге тауар өткізетін азаматтар үшін тиімдірек болады. Бірақ біздің көрші елге жөнелтетін тауарымыз әлдеқайда аз. 24 миллиард көлемінде екі жақты айналым болған. Соның ішінде біз Ресейге 6 миллиард долларға ғана тауар сатқанбыз. Ал Ресейден сатып алған тауардың көлемі 18 миллиард доллар. Үш есе көп. Демек, пайдасынан зияны көп. Ресейдің өнімдері қымбаттаса, отандық өндірістің дамуы мүмкін деген үміт бар. Бірақ оны мемлекет тиімді пайдалануы керек. Мәселен, құрылыс компаниялары құрылыс материалдарын алып келу үшін келісім-шарттар жасасады. Бірақ осы тауарларды өзімізде де көптеп шығаруға болады. Үкімет осыған араласса, ертең импортқа тәуелді болмай-ақ, импорттық инфляцияны елімізге алып келмей-ақ тауар өндірісін дамытуға болады»,-деп сарапшы сөзін түйіндеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.