Қазақстанның халықаралық резервтері 86 млрд АҚШ долларын құрады

Автор: Azattyq Rýhy

Ұлттық банк сәуірдегі қаржы нарығына қатысты ахуалды баяндады

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 2022 жылғы сәуірде 33,4 млрд АҚШ долларын құрап, 0,8%-ға өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық банк атап өткендей, алтынның портфелі ұлғаюы және Қаржы министрлігінің Ұлттық банктегі шоттарына қаражат түсуі есебінен алтынвалюта резервтері өсті.

«Алтын портфелі басым құқықты іске асыру шеңберінде алтынды сатып алуға байланысты 200 млн доллардан астам өсті. ЕДБ-ның Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарынан қаражат әкетілуінен оң факторлардың әсері ішінара реттелді», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Елдің жалпы халықаралық резервтері, жалпы алғанда, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (52,5 млрд АҚШ доллары) қоса, 2022 жылғы сәуірдің соңында 85,9 млрд АҚШ долларын құрады.

«2022 жылғы сәуірде ақша базасы 7,6%-ға тарылып, 9 968,0 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап 9,0%-ға тарылды). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7 242,4 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға (жыл басынан бастап – 4,3%-ға) кеңейді», - делінген хабарламада.  

Сондай-ақ биылғы сәуірде ақша массасы 28 984,2 млрд теңге болып, 1,8%-ға (жыл басынан бастап – 3,7%-ға) төмендеді, айналыстағы қолма-қол ақша 3 106,6 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға (жыл басынан бастап 3,6%-ға) өсті.