Доллардың күрт арзандауының арты неге апарып соғады – сарапшы пікірі
Бүгін Қазақстанда бір доллар 425,16 теңгемен сатылып жатыр
Өткен айда ғана теңгеге шаққандағы бағамы 501 теңгеден асқан доллар қазір шамамен 70-80 теңгеге арзандап кетті. Бұрын, кезекті девальвациядан кейін қайтып нығаюы екіталай теңге үшін де, доллардың шарықтаған соң қайтып төмен құлдырамайтынына үйренген қазақстандықтар үшін де бүгінгі курс таңданыс тудырып жатқаны рас.
Таңданыстан бөлек, доллардың осылай әлсірегенінен секем алып, «арты не болар екен» дегендер де көп. Оның үстіне, санкцияның астында қалған Ресейдің ұлттық валютасы нығайған сайын, кәсіпкерлер де валюталар арасындағы бұл «текетірестен» шошып отыр. Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасқан экономист Бауыржан Исабеков доллар неге құлдырағанын, ол қымбаттаса кім ұтып, арзандаса кім ұтыларын және Ресей рублі неге сонша нығайып бара жатқанын түсіндіріп берді.
«АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІ ЭКОНОМИКА ӨЗІ ЖӨНДЕЛЕДІ»
Сарапшы сөз басында «Доллардың бұлайша күрт құлдырауының арты жаман болмай ма?» деген сұраққа тоқталып өтті.
«Әрине, жаман болады. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Жалпы, мен өз кітабымда атап өткендей, елімізде азаматтық қоғам құрылғаннан кейін экономика өзі жөнделеді. Сондықтан азаматтық қоғамды дамыту керек. Ал доллар қымбаттағанда кім ұтады, арзандағанда кім ұтылады дегенді «сырттан-сыртқа» мысалымен түсіндіруге болады.
Мысал үшін доллардың бағасы 357 теңге деп алсақ, бұл курс үлкен бизнес субьектілері үшін теңгенің долларға шаққандағы бағамының осылай төмендегені минус та, ал өткендегідей, бір доллар 518 теңгеге дейін өскені – плюс. Ал доллардың арзан болғаны тауарды сырттан әкелетіндерге, яғни, импортерлерге, орта бизнес субьектілеріне тиімді, қымбаттағаны – тиімсіз. Яғни, доллар арзан кезде киімді сырттан әкеп сататындарға оны қайта сату оңай болады, ал егер 518 теңге курсымен сатып әкелсе, сату қиын болады. Қазір супермаркеттер мен сауда дүңгіршіктерінің босап тұрғаны содан. Шағын және орта бизнеске құлдырағаны тиімсіз. Үлкен бизнес субьектілері үшін тиімді», - деді Бауыржан Исабеков.
«РУБЛЬДІҢ ҚЫМБАТТАУЫНА СОЛ САНКЦИЯНЫҢ ӨЗІ ЫҚПАЛ ЕТТІ»
Экономистің айтуынша рубльдің қымбаттауының бірнеше факторы бар. Оның ең біріншісі – мұнай бағасы.
«Доллардың бағамына бүгінгі таңда екі фактор әсер етеді, оның біреуі, әрине, мұнай бағасы. Мұнай қымбаттап жатыр, өйткені, Ресейдің санкцияларға ұшырауына байланысты мұнай өнімдері тапшылыққа ие болды. Соның салдарынан Еуропа мен Америкада тұтынушылық тауарлар өте қымбаттап кетті.
Екінші, Ресеймен арада жеті мың шақырым ортақ шекарамыз бар. Сондықтан, рубльдің долларға шаққандағы бағамы 56,52 болып тұр. Бұл 2018 жылғы деңгейге тең көрсеткіш екен. Яғни, олар өздерінің шикізаттарын қымбат бағаға сатып жатыр, бірақ, алған долларын жаратайын десе, нарық жоқ, санкция салынған. Бұл ретте шикізат бағытындағы кәсіпорындар аз да болса жұмыс істей береді, ал, өңдеуші жоғарғы техникалық кәсіпорындар жұмысын ұйымдастырайын десе, санкцияның әсерінен долларға сұраныс азайып, сондықтан, рубль нығайып кетті», - деді сарапшы.
Сөз арасында осыған сәйкес, теңгеміздің рубльге шаққандағы бағамы 7 теңгеге дейін өсіп кеткен. Бұл біздің тауар өндірушілерімізге теріс, ал, Ресейдің тұтынушыларына жақсы әсер етеді.
«Олар келіп бізден тұтынушылық тауарларды жаппай алып кетіп жатыр. Баяғыда рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы 3 теңгеге дейін құлдырағанда қазақстандықтар Ресейден қалай тауар тасыса, қазір керісінше көрініс қалыптасты. Біздегі нарық субъектілері тауар экспорттаса, рубльмен көп ақша табады», - деп атап өтті.
«ЭКОНОМИКА ӘЛЖАУАЗ, ХАЛЫҚ ЕЛІКТЕГІШ»
Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы – әлжуаз, халқымыз – еліктегіш, дейді экономика маманы. Оның себебі біздің экономикамыз көбіне шикізатқа бағытталған, мемлекеттік кірістің 80 пайызға жуығы мұнайдан, газдан, металл мен бидайдан, яғни шикізаттан түседі. Ал ресурс сыйымдылығымыз өте жоғары. Бір тауар шығарамыз десек, оған кететін металдың шығыны және өзге де шығындар көбейіп кетеді.
«Осы ретте айта кететін қызықты фактор бар. Мен Жапонияда оқып, сол елде жұмыс істегенмін. Олар кейде бізден трактор сияқты дайын өнімді сатып алады екен, себебі мұндай тауарда металл көп. Ал өздерінің жерасты байлықтарын, шикізатын конверциялап, болашақ экологияны ойлайды, яғни шикізатты сырттан алып келеді. Демек біздің ресурс сыйымдылығымыз өте үлкен. Металл көп кетеді, су көп кетеді, адам көп жұмыс істейді. Бұдан шығатын жол – экономиканы әртараптандыру», - деп ойын аяқтады.
Айта кетейік, елімізде 1 АҚШ долларының 25 мамырдағы ресми бағамы 416,91 теңгеге дейін төмендеген болатын. Ал бүгін Қазақстанда 1 доллар 425,16 теңгемен сатылып жатыр.