«Халық өзін кім «тонап» отырғанын білсін»: депутат Ұлттық банктен сыйақы мөлшерін сұрады

25 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5%-дан 14%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады

«Халық өзін кім «тонап» отырғанын білсін»: депутат Ұлттық банктен сыйақы мөлшерін сұрады

Депутат Аманжан Жамалов Мәжілісте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуі тиіс деген пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлемені төмендетуге объективті себептер бар.

«Бірінші кезекте, экономиканы қолжетімді кредиттеуге деген аса қажеттілік бар. Ұлттық Банктің өзінен анық жауап алған жоқпыз. 25 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5%-дан 14%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.

Ұлттық банк өз шешімін: бірінші «инфляцияға қарсы саясатты» жүргізуге деген бейілділікпен, екінші «геосаяси тәуекелдермен» және үшінші «оң фискалдық импульспен» түсіндірді. Егер инфляция туралы айтатын болсақ, онда жылдық инфляция 12%-ды құрайды. Бұл базалық мөлшерлемеге қарағанда төмен. Дамыған елдердің көбі бұрыннан теріс шынайы мөлшерлемелерге көшкен. Мысалы АҚШ-тағы инфляция – 8%, ал ФРЖ мөлшерлемесі – 0,5%. Бізде болса керісінше, базалық мөлшерлеме ресми инфляциядан бақандай 2%-ға жоғары», − дейді депутат.

Оның сөзінше, Ұлттық банктің өзі инфляцияның одан әрі ұлғаюына итермелеп отыр. Салдарынан экономикада қолжетімді кредиттер болмағандықтан, Үкімет жеңілдікті кредит беру мен субсидиялауға 500 млрд теңге бөлуге мәжбүр.

«Мынадай қарапайым сұрақ туындайды. Бұл кімге тиімді? Ұлттық Банк кімнің мүддесін басшылыққа алады? Жауап та сұрақтың өзі сияқты қарапайым – банктерге тиімді. Базалық мөлшерлеме Ұлттық Банктің ноталары мен Қаржы министрлігінің облигациялары бойынша банктердің кірістерін тікелей айқындайды. Қазір Ұлттық банктің ноталарында 1,5 трлн теңге бар, сондай-ақ 11 трлн теңгені Қаржы министрлігінің облигацияларына орналастырған.

Осы облигациялар бойынша төлемдер де базалық мөлшерлемеге байланыстырылған. Демек, қазақстандықтар үшін – инфляция, ал банктер үшін – қолайлы жағдай. Азаматтар қандай банктердің жоғары мөлшерлемелерде пайда табатынын, Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі ноталар мен мемлекеттік облигациялардың ұстаушыларын және алынған сыйақы сомаларын үнемі жариялап отырсын. Халық өзін кім «тонап» отырғанын білсін», − дейді депутат.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.