Тірі малды шетелге сатудың салдарынан елімізде ет бағасы қымбаттаған
Қазақстан бұдан былай шетелге мал экспорттамайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, былтыр Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылған. Оның 121,6 мыңы Өзбекстанға (78%), тағы 14 пайызы Арменияға экспортталған.
Сондай-ақ, елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан астамы аналық бас. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астамы (76%) – Өзбекстанға, 21,5 мың бас (8,1%) – Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) – Әзірбайжан, шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға тасымалданған.
Тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдеріне бағаның өсуіне негіз болды. Сонымен қатар, қалыптасқан жағдай қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеуіне алып келді. 2019 жылы қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған. Олардың толық жұмыс істемеуінің негізгі себебі – тірі малдың жаппай экспортының салдарынан шикізат тапшылығы болды.
АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ҚР АШМ қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр.
«Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы және ҚР Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «ауыл шаруашылығы жануарларын шығарудағы кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Айта кетсек, аталған бұйрық тек аналық мал басының экспортын уақытша шектейтін. Бұл өзгерістер барлық ірі қара мал мен ұсақ мүйізді малдың жыныстық-жастық топтары бойынша тірідей басын өзге елдерге шығаруға (экспорттауға) толық тыйым салады», - делінген аталған хабарламада.
Маңызды құжаттың жобасы салалық сараптама ұйымдарымен және облыс әкімдіктерімен келісіліп, «Атамекен» ҰКП оң қорытындысы алынды және сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мақұлдауы алынды. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдарымен келісім жасалуда.
Аталған бұйрыққа өзгерістер енгізу таяудағы жылдары қазақстандық мал басын сақтап ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолайлы бағамен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді.