Инвесторлар Ақтөбедегі 33 млрд теңгенің жобасынан бас тартты
«Creative Energy» компаниясы өткен жылы Ақтөбе билігімен жасаған келісімді үзді

Ақтөбе облысында жоспарланған 33 млрд теңгенің жобасы салынбайтын болды. Бұған дейін өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) өңдейтін кешен салынады деп жоспарланған еді. Бұл туралы облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы LS сайтына хабарлаған.
«Инвесторлардың кешенді салудан бас тартуына байланысты қазір бұл жоба өзекті емес», - деп түсіндірген басқармадағылар.
Еске салсақ, өткен жылы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіптік корпорациясы «Creative Energy» компаниясымен меморандумға қол қойып, Ақтөбеде «қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін энерготехнологиялық кешен» жобасын жүзеге асырмақ болған еді. Ал қазір елімізде ҚТҚ қайта өңдеу саласында 170-тен астам кәсіпорын бар. Қалалар мен аудандардағы 205 кәсіпорынның 51-інде қалдықтарды бөлектеп жинаудың түрлі кезеңі енгізіліп, 30 елдімекенде сұрыптау технологиясы жүзеге асқан. Сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоқысты қайта өңдеуге 108 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, Қазақстанда ҚТҚ өңдеу төмен де жүріп жатыр, утилизацияланған қалдық көлемі 14% ғана.