Павлодар облысында отандық өнімге басымдық бермеген 94 шенеунік жазаланды – Абылай Мырзахметов

Автор: Azattyq Rýhy

Мем.органдар биыл сәуір айынан бастап кей тауарларды тек отандық компаниялардан алады

 Жиһаз, құрылыс материалдары мен текстиль өнімдерін шетелден импорттауға екі жылға тыйым салынады. Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі біздің редакциямызға аталған өзгеріс наурызда жүзеге асатынын хабарлаған. Бүгін брифинге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Абылай Мырзахметов 1 сәуірде нақты дайын болатынын айтты.

 «Бұл – бірінші тоқсанның аяғына дейін біз құрған комиссияның бақылауында. Премьер-министрдің ниетін көріп отырмыз. Ол өте қатал. Мысалы, әкімдіктерге жиһаз бен жеңіл өнеркәсіп тауарларын отандық өндірушілерден алу мәселесін қойды. Отандық кәсіпкерлер үлесі (бұрын-авт.) 2-ақ % болды.

Жылды 50%-пен жаптық. Барлық әкімшілік әкімнен бастап Премьер-министрдің алдында жауап берді. Павлодар облысы әкімінің орынбасары бізге есеп берді. Әр түрлі деңгейдегі  90 қызметкер сөгіс алды. Тендер өтеді. Отандық кәсіпкер бар. Тауар алынбайды »,- деді ол.

Павлодар облысында жиһаз бен жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне мемлекеттік сатып алу процесін өткізу кезінде жасаған құқық бұзушылақтары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар ішінде:

-40 Павлодар облыстық білім басқармасының қызметкері;

-53 Павлодар қалалық әкімдігінің қызметкері (2-еуі бұрын жұмыстан шығып кеткен);

- 1 мемлекеттік сатып алулар басқармасының есепшісі бар.

Ал Успен ауданы әкімдігіне бұдан былай құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін шара қабылдау туралы хат жолданған.

Айта кетейік, бүгін елімізде импортты алмастыру жөніндегі кеңес құрылды. Ол отандық өндірушілерге тауарларын өз ішімізде сатуға, мемлекеттік органдардан тапсырыс алуға көмектеседі.

«Кеңес, біріншіден, кәсіпкерлерді ояту үшін керек. Жасыратын несі бар. Екі ГПР бар. Көп кәсіпкерлер пайдасын көрді. Бірақ көп кәсіпкердің көңілі қалды. Мұнайшыдан тауар алып береміз дейді. Бірақ тендер ана жаққа кетіп қалады. Сондықтан олар қазір ешқайда (мемлекеттік сатып алуға – авт.)  қатыспай отыр.

Енді солардың сенімін туғызуымыз керек. «Самұрық-Қазынаның» ережесі, заң өзгеріп жатыр. Сонымен кеңес, біріншіден ынталандыру, екіншіден кері байланыс бойынша жұмыс істейді. Кәсіпкерлер бізге проблемаларын айтып отырса, соны жинақтап тікелей Премьер-Министрге Сайлау Ілиясұлы (импортты алмастыру кеңесінің төрағасы –авт.) жеткізеді», - деді А.Мырзахметов кеңес жұмысы жөнінде.

Палата басшысы бір сөзінде «әр әкім, әр министр таңнан кешке дейін тек отандық кәсіпкерді қолдау, айлықты өсіру жұмысымен айналысу керектігін» де айтты.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан