«Болашақ» түлектерінің 70-і ғана аграрлық салада жұмыс істейді
Сенат жанында Агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңес құрылады

Сенат Төрағасы парламенттік тыңдауға дайындық аясында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті. Бүгін ғылыми-білім беру орталықтары мен аграрлық университеттер басшыларымен кездесу болды.
«ҰАҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков білім берудегі, трансферт пен технологияларды коммерцияландыру жүйесінің болмауы Қазақстандағы аграрлық ғылымының басты проблемасы екенін айтты. Ол осыған байланысты аудандық агроколледждер мен кәсіпкерлер палаталары базасында аймақтарда ауылдық ақпараттық-консультациялық пункттер (ААКП) жүйесін қалпына келтіруді ұсынды.
«ҰАҒБО» АҚ Басқарма төрағасы аграрлық ғылымдағы кадрлар тапшылығы мәселесіне жеке тоқталып, салалық жоғары оқу орындарының түлектері көбінесе мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін атап өтті.
Д.Назарбаева өз кезегінде осы мәселені шешуде «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясы қаншалықты тиімді екенін сұрады. Төлеутай Рақымбеков бүгінгі таңда бағдарлама бойынша білім алған 10 мың түлектің 70-і ғана аграрлық салада жұмыс істейтінін айтты.
«Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» серіктестігінің бас директоры Дамир Қалдыбаев өз кезегінде тұқымдарды әкелу мен әкетуді заңнамалық реттеуді ұсынды. Компания басшысы өз сөзінде «Ғылыми ауыл» жобасына қатысушылардың назарын аударды.
«Жастарға ауыл ғылымының тартымдылығын арттыру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің ғылыми жаңалықтарға деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында біз өткен жылдан бастап осы жобаны жүзеге асыра бастадық. Облыс әкімдігінен бізге 880 млн теңге бөлінді, 380 млн теңгеге 21 км жол жөнделді, 500 млн теңгеге инженерлік-әлеуметтік құрылымдарды қалпына келтіреміз», - деді Д.Қалдыбаев.
Д.Назарбаева талқылауды аяқтай келіп, ауыл шаруашылығы саласының проблемаларын кәсіби түрде кеңінен талқылау үшін Сенат жанында тұрақты жұмыс істейтін алаң құру жайында айтты.
«Бағдарлама мен барлық ұсыныстарды аяғына дейін жеткізу үшін біз Сенат жанынан Агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңес құруымыз керек. Біз барлық ұсыныстарға мұқият қараймыз және оларды кейіннен Үкіметке берілетін құжатпен бірге жіберуге тырысамыз. Бұл Кеңеске мүдделі тараптардың бәрі: агроөнеркәсіп кешені, Үкімет, жергілікті атқарушы билік органдарының, ғылым және маман даярлау саласының өкілдері кіре алады», - деді Д.Назарбаева.